Зерендіде көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша агрокеңес өтті

Зерендіде көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша агрокеңес өтті

Зеренді ауылында, аудандық мәдениет үйінде Зеренді ауданының әкімі Асет Құрманғожиннің қатысуымен 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелеріне арналған агрокеңес өтті. Іс-шараға ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, шаруашылық басшылары және шақырылған сарапшылар қатысты.
Кеңесті аудан әкімі Асет Құрманғожин ашып, алдағы егіс науқанының негізгі міндеттерін атап өтті.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директоры Бауржан Калибаевтың баяндамасы тудырды. Ол өз сөзінде егіс жұмыстарының оңтайлы мерзімдері, топырақтағы ылғал қорын сақтау және ауыл шаруашылығы дақылдарының перспективалы сорттарын таңдау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, агротехнологияларды толық сақтау жағдайында өнімділік 40%- ға дейін артуы мүмкін екені айтылды, ал егістің оңтайлы мерзімі 15–25 мамыр аралығы екені белгіленді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Аблай Құрманғожин өз баяндамасында Зеренді ауданының көктемгі дала жұмыстарына дайындығы және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру барысы туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеден асатын 14 өтінім, ал «Форвардтық сатып алу» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңгеден астам сомаға 5 өтінім берілген.
Сондай-ақ, кеңес барысында фитосанитариялық жағдай, ауыл шаруашылығы саласындағы салықтық әкімшілендіру және агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлау мәселелері қаралды. Осы бағыттар бойынша фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығының басшысы Омирбек Ниязбек, Зеренді аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі бас маман-инспекторы Зейнеп Бектасова, мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нуржан Шульбеков, жоғары агротехникалық колледж директоры Арман Оспанов баяндама жасады.
Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді жедел табуға және жеткізушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін отандық Jethro.kz цифрлық платформасы таныстырылды.
Сонымен қатар, агрокеңес аясында агродрондар, заманауи технологиялық шешімдер, тыңайтқыштар, тұқымдар, ауыл шаруашылығы техникасы және жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары ұсынылған көрме ұйымдастырылды.