Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Осыған орай әр жылы маусым айының үшінші жексенбісі дәрігерлер күні болып бекітілді. Бұл – жалпыға ортақ мереке. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандарымыз жауапты. Осы орайда ардақты әріптестерімді осынау айтулы мерекемен құттықтағым келеді!
Бүгінде Ақмола облысында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Салада аймақ медицинасы бірқатар оң өзгерістер мен үздік нәтижелерге қол жеткізе алды. Медициналық қызметтердің сапасын, дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру және ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту бағытында сенімді қадамдар жасалды.
Сонымен қатар, емдеу-алдын алу мекемелерінің жабдықтары түбегейлі жаңартылды, озық медициналық технологиялар енгізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілді.
Өңірде 560 Денсаулық сақтау объектісі медициналық көмек көрсетеді, оның ішінде: стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 529 Денсаулық сақтау объектісі, сондай-ақ 8 басқа денсаулық сақтау ұйымы бар.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 8 700ден астам білікті медицина қызметкері, оның ішінде 2 035 дәрігер және 6 672 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.
2023 жылдан бастап облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Ақмола облысында 38 жаңа бастапқы буын объектілері салынып, пайдалануға беріледі. Дәлірек айтар болсақ, 2,9 млрд. теңге сомасына 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4,5 млрд. теңге сомасына 14 дәрігерлік амбулатория және 0,3 млрд. теңге сомасына 3 медициналық пункт салынады.
Сондай-ақ Көкшетау қаласында жаңа көпсалалы облыстық аурухана жобасын салу жоспарланған. Оның мақсаты-озық технологияларды қолдана отырып, елдің солтүстік аймағында халықаралық деңгейдегі аурухана құру. Осылайша, ескірген төрт түрлі бейінді стационардың орнына жаңа көпсалалы аурухана салынады, онда мультидисциплинарлық тәсіл іске асырылады, бұл Ақмола облысы мен көрші өңірлердің тұрғындарына қолжетімді, уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Ашылу кезінде шеберлік сыныптары мен тәжірибе алмасу үшін Түркиядан жетекші дәрігерлердің келуі жоспарлануда.
Өткен жылдың өзінде облысқа 90-ға жуық білікті дәрігер келді. Ақмола облысына келген 27 жас маман үшін жалпы сомасы 50 миллион теңгеге көтерме қаржы төленді. Биыл жергілікті бюджет қаражатынан бөлінген сома 120 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ауылдарда жас дәрігерлерді бекіту үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы іске асырылып жатыр, ол бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға жеңілдік-несие беріледі. Осы бағдарлама бойынша өткен жылы 75 медицина қызметкері жалпы сомасы 23 миллион теңгеге көтерме қаражат алды және тұрғын үй сатып алу несиесін жалпы сомасы 243 миллион теңгеге 54 медицина қызметкері пайдаланды.
Дәрігерлер үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын дәрігерлік персоналдың жалақысы орта есеппен 30% - ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20% - ға және кіші персоналдың жалақысы 15% - ға артады.
Жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетінде «жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді. Бүгінгі таңда 740-қа жуық адам медицина саласы бойынша білім алуда. Оның ішінде облыс әкімі гранты есебінен 200 адам оқиды. Сондай-ақ, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді.
Айта кету керек маңызды жайттардың бірі: облыстың барлық аудандары мен қалаларында жалпы өлім-жітімнің төмендеуі байқалды, облыстық көрсеткіш 17,8% - ға төмендеді. Оның ішінде: қан айналымы жүйесінің ауруларынан 23,7%, қатерлі ісіктерден 18,9%, жазатайым оқиғалардан уланудан және жарақаттанудан 21,9%, тыныс алу органдарының ауруларынан 23,7%, туберкулезден 32,2% пайықға төмендеген.
Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер – адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сол себепті де, құрметті дәрігерлер, сіздерге сарқылмас қайрат пен еңбектің адал жемісін тілеймін! Адам жанын арашалауда, кәсібі біліктілік пен асқан жауапкершілігіңізді көрсете отырып халықтың алғысна бөлене бергейсіздер. Тағы да меркемен шын жүректен құттықтаймын!
Ізгі тілекпен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ахильбеков Нұрлан Сәлімұлы!