
Маңыздысы — МЖӘ шартын бұзу бір сәттік шешім немесе жай ғана әкімшілік рәсім емес. Бұл заң талаптарын қатаң сақтай отырып, барлық тараптардың құқықтарын қорғап және мемлекет пен халықтың мүдделерін қамтамасыз ете отырып жүргізілуі тиіс күрделі құқықтық, мүліктік, қаржылық және ұйымдастырушылық процесс.
Қазіргі кезеңде негізгі мүліктік мәселелер талқыланды, мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізілуде, сондай-ақ стационар нысаны мен негізгі ғимараттарды жекеменшік иеліктен коммуналдық мемлекеттік меншікке беру тәртібі қарастырылуда.
МЖӘ — мемлекет пен жекеше әріптес арасындағы өзара іс-қимылдың ерекше нысаны. Сондықтан мұндай шартты тоқтату тек құқықтық рәсімдеумен шектелмейді, сонымен қатар мүліктік кешенді, тараптардың міндеттемелерін, қаржылық есеп айырысуларды, нысанның техникалық жай-күйін, құқық белгілейтін құжаттарды және одан әрі пайдалану моделін мұқият тексеруді талап етеді.
Денсаулық сақтау басқармасының басты міндеті — шартты жай ғана бұзу емес, медициналық көмектің бірде-бір кезеңде үзілмеуін қамтамасыз ете отырып, заңды, ашық және басқарылатын өтуді ұйымдастыру.
Біз үшін денсаулық сақтау нысанының тұрғындар мүддесіне қызмет етуі, мүліктің объективті түрде қабылдануы, бағалаудың тәуелсіз жүргізілуі және ғимараттар мен стационарды одан әрі пайдалану өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің міндеттеріне сәйкес келуі қағидатты маңызға ие.
Бұл процесс уақытты талап етеді, өйткені әрбір қадам заң тұрғысынан дәл пысықталуы тиіс: мүлікті бағалаудан бастап шарттарды келісуге дейін, қабылдап алу-беру актілерін рәсімдеу, құқықтарды тіркеу және нысанды одан әрі басқару тәртібін айқындау.
Біздің ұстаным өзгермейді: барлық шешімдер тек заңнама шеңберінде қабылдануы тиіс, мемлекет мүддесі, пациенттердің құқықтары және медициналық ұйымның тұрақты жұмысы басымдық болып қала береді.
Процесті түсінудің құқықтық негізі: МЖӘ шарты тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін, сондай-ақ шартты бұзу немесе оның қолданылу мерзімінің аяқталуы кезінде тоқтатылады; бұл ретте Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңының 49-бабы МЖӘ шартын өзгерту, бұзу және тоқтату мәселелерін жеке реттейді. Сонымен қатар, шартты өзгерту мен бұзудың жалпы негіздері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-бабында көзделген: тараптардың келісімі бойынша не шарт елеулі түрде бұзылған жағдайда және заңда көзделген өзге де жағдайларда сот шешімімен. Тәуелсіз бағалау жүргізу мұндай рәсімде қисынды, өйткені Қазақстан Республикасының «Бағалау қызметі туралы» Заңы бағалау объектілерінің нарықтық немесе өзге де құнын айқындауға байланысты қатынастарды реттейді. Ал мүліктік рәсімдер аяқталғаннан кейін жылжымайтын мүлікке құқықтар белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады.