
Ақмола облысында цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылдың басында облыстың Цифрландыру және архивтер басқармасы өңірдегі барлық цифрлық технологияларды енгізу және үйлестіру бойынша бірыңғай оператор болып бекітілді. Бұл шешім тұрғындарға арналған байланыс пен цифрлық қызметтердің сапасын арттыруды, жаңа шешімдерді жүйелі түрде енгізуді көздейді.
2025–2030 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы қабылданды. Онда мемлекеттік басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларға цифрлық шешімдерді енгізу жолдары нақты көрсетілген. Мақсат — мемлекеттік қызметтерді жылдам, ыңғайлы әрі ашық ету.
Сәуір айынан бастап облыс қарамағына «Smart Aqkol – 2018» мекемесі өтті. Бұл шағын қала мен ауылдарда жобаларды тиімді үйлестіруге жол ашады.
Барлық аудан мен ірі қалаларда цифрлық трансформацияға жауапты тұлғалар — әкім орынбасарлары мен аппарат басшылары тағайындалды. Олар жобалардың іске асырылуын қадағалап, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жауап береді.
2025 жылдың наурыз айынан бастап мемлекеттік органдардағы үдерістерді жаңарту жұмыстары басталды. Әр мекеме үш негізгі міндетті цифрлық форматқа көшіруі тиіс. Бұл халықты жылдам әрі тиімді қызметпен қамтамасыз етуге және қағазбастылықты азайтуға сеп болады.
Көкшетау мен Қосшы қалаларында орнатылған Sergek камералары – цифрлық жетістіктің нақты көрінісі. 8 айдың ішінде олар 25 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеп, 300 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жол-көлік оқиғалары санын 20%-ға азайтты. Желтоқсан айында жедел жәрдем көлігіне орнатылған Sergek камерасы жолдағы ахуалды бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, дрондарды сынақтан өткізу жобасы жүзеге асырылуда. Олар жол құрылысы, мектептер мен коммуналдық нысандардың жағдайы, экологиялық ахуал сияқты бағыттарды бақылауға көмектесуде. Бұл – заманауи және тиімді шешім.
Интернет желісін дамыту — басым бағыттардың бірі. Бүгінде облыс халқының 82%-ы кеңжолақты интернетпен қамтылған. Көкшетауда 16 5G базалық станциясы орнатылып, интернет жылдамдығы 160 Мбит/с дейін жетті. Жыл соңына дейін тағы 232 ауыл талшықты-оптикалық желіге қосылады.
Көкшетау қаласында «ақылды» Magic Pole шамдары орнатылды — олар көше жарығымен қатар, 450 метр радиуста тегін Wi-Fi таратады. Ал Бурабайда жаңа байланыс станциялары салынып жатыр.
Барлық бұл жаңашылдықтарды іске асыру үшін маман даярлау да қолға алынған. 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Aqmola Hub» IT-хабы аясында 300-ден астам адам оқудан өтті. Мұнда хакатондар, мастер-класстар мен жасанды интеллект бойынша курстар өтеді. Жастар IT саласына белсенді араласып, түлектердің орташа жалақысы 453 мың теңгені құрап отыр.
Архив саласы да назардан тыс қалмады. Қазір облыста 1,5 миллионнан астам құжат сақталса, оның 16%-ы цифрлық форматқа көшірілген. Архивтер мемлекеттік қызмет көрсетіп, көрмелер, экскурсиялар мен тарихи сабақтар ұйымдастырады. Сондай-ақ «Бірыңғай электрондық архив» жүйесі енгізілуде — бүгінгі күні 160-тан астам мемлекеттік орган осы жүйеге қосылған.
Барлық цифрлық жобалар «Битрикс» жүйесі арқылы бақылауда. Облыс бойынша 198 жоба іске асырылуда, олардың қатарында «Қолжетімді интернет», «Комфортты мектеп» және «Ауыл медицинасының жаңғыруы» секілді ірі бастамалар бар. Жобалық басқару бойынша Ақмола облысы еліміздегі үздік өңірлер қатарында.
Цифрлық технологиялар тұрғындардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда. Камералар, дрондар, онлайн қызметтер, жылдам интернет пен жаңа мамандықтар — мұның барлығы өңірдің өмірін ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.