«Таза Қазақстан»: Ақмола облысында жыл басынан бері 2,3 миллион көшет отырғызылды

«Таза Қазақстан»: Ақмола облысында жыл басынан бері 2,3 миллион көшет отырғызылды

Ақмола облысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Бүгінгі таңда 340 гектар жерге 2,3 миллионнан астам көшет отырғызылды. Акцияға облыстың барлық өңірлері жұмыла қатысуда.

Бүгін акция Аршалы ауданында жалғасын тапты. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен, еріктілермен, депутаттармен және еңбек ұжымдарымен бірге қатысып, Аршалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағына 100-ден астам қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды.

«Бүгінде біз бүкіл еліміз бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып жатырмыз. Бұл – еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың саулығы үшін жасалып отырған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жуырда экофестивальге қатысып, баршаны табиғатты аялап, туған жердің тазалығын сақтауға шақырды. Президентіміз экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әр азаматтың жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. «Таза Қазақстан» – тек қоқыс жинау ғана емес, бұл – сана-сезімнің жаңғыруы, әр адамның туған жеріне деген жанашырлық сезімін ояту», – деді өңір басшысы.

«Бұл біз үшін жай ғана акция емес. Әр отырғызылған көшет – ауаның тазарып, табиғаттың көркейіп, болашаққа деген үміттің артуына қосылған бір тамшы өмір», – деп пікір білдірді акцияға қатысушы Кристина Киютина

Аудан тұрғындары да бастаманы қолдап, қоршаған ортаның тазалығы үшін мұндай шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

«Қоқыс жинап, ағаш отырғызу арқылы біз тек өзімізге ғана емес, бүкіл планетаға көмек көрсетеміз», – деді Избасар Нұрболат.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылға дейін Ақмола облысында 2000 гектар аумаққа 14 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.