1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Мерекелік шара Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына арналған еліміздің әр өңірінде бір уақытта өткен «Бірлік» жарысымен басталды. Салауатты өмір салтын насихаттайтын аталмыш спорттық шараға қоғам белсенділері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, оқушылар, студенттер, спортшылар – барлығы 600 адам қатысты.

Облыс орталығындағы Абылай-хан алаңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ынтымақ пен бірлік мәңгі жасай берсін деген тілегін жеткізді.

Шара барысында «Бірлік» жарысының жеңімпаздары және Қазақстандық бірегейлік пен бірліктің,  патриотизмнің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар ақмолалық белсенді азаматтар марапатталды. Жиналған жұртшылық мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

 Жалпы, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай облыс бойынша көптеген жобалар, қайырымдылық акциялары, этномәдени фестивальдер, дәріс-сабақтар, еңбек ұжымдарында кездесулер, тақырыптық көрмелер, флешмоб, челлендждер өткізілді.