Ақмола облысының екі ауруханасында оттегі станциялары орнатылады

Ақмола облысының екі ауруханасында оттегі станциялары орнатылады

Ақмола облысының ауруханалары барлық пациенттерге бірден оттегі бере алатын қондырғылармен жабдықталады, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы. COVID-19 баспасөз орталығының ақпараты бойынша, екі оттегі станциясының жеткізушілерімен шарт жасалған. Олардың бірі Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығына, екіншісі Аршалы аудандық ауруханасына орнатылатын болады. Осындай арнайы жүйе көп бейінді облыстық аурухананың провизорлық стационарында ұйымдастырылатын болады.
Тері-венерологиялық диспансер базасындағы моб провизорлық стационарында оттегімен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту да жоспарда бар. Әзірге мұнда оттегі баллондарынан тұратын қондырғы жұмыс істейді.
"Енді құбыр жүйесі арқылы ылғалданған газ науқасқа жеткізіледі. Облыс әкімдігінің қолдауымен қондырғыны жаңғыртуға және аурухананы оттегімен қамтамасыз етуге қосымша қаражат бөлінді", - деді МОБ бас дәрігері Нұрлан Жаров.
Бұдан басқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жақын арада 15 ӨЖЖ аппаратын, мың пульсоксиметрді, 100 оттегі концентраторын және 50 оттегі баллонын сатып алады.
Айта кетейік, медициналық мекемелерге қайырымдылық қорлары мен меценаттар қаражатына сатып алынған жабдықтар келіп түсуде. Бүгінгі таңда ауруханаларға, стационарлар мен емханаларға демеушілік қаражат есебінен жүзден астам оттегі концентраторлары, 500 оттегі баллоны келіп түсті.