Бүгін облыс орталығында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.
«Көкшетау» мәдениет сарайының концерт залында ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қонақтар үшін ғимараттың фойесінде 3D инсталляция орналасқан, еліміздің Қарулы Күштерінің тарихына арналған «Ұлттық рухтың қайнары» атты мұражай көрмесі ұйымдастырылды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір ақмолалықтың құрметті міндетіне, аға ұрпақтың батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің адамгершілік мектебіне айналғанын атап өтті.
«Ақмолалық офицерлер мен сарбаздар өз ісінің нағыз шеберлері екендіктерін іс жүзінде дәлелдейді. Біз өзіміздің күштік құрылымдарымызды, армиямызды мақтан тұтамыз және өз кезегінде олардың әлеуетін нығайту үшін барлығын жасаймыз», - деді әкім.
Өңір әкімі Тәуелсіздік жылдарында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан облыстың 35 полиция қызметкерін бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
«Біз сіздермен бірге өмір сүріп жатқан тыныштық пен бейбітшіліктің қандай бағамен берілгенін түсінеміз. Олар Отан және қоғам алдындағы өз борыштарын орындады, соңына дейін антқа адал болды» - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Көкшетау қаласының тұрғыны Бағлан Дүйсенова үшін ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етіп жатқан ұлы Орынбасардың лайықты тәрбиелегені үшін әкімнің атынан алғыс хат алып қана қоймай, сонымен қатар оның салтанатты шараға келуі де тосын сый болды.
Бұл күні кәсібилігі мен мінсіз қызметі үшін еліміздің ведомстволық наградаларымен 11 адам марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен қорғаныс істері, Төтенше жағдайлар департаментінің, әскери бөлімнің және қоғамдық бірлестіктердің 35 өкілі марапатталды.
Іс-шара облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламамен аяқталды.