Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде

Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде

Өңірде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді.

"Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Соңғы аптада жалпы сырқаттанушылықтың орташа өсімі 0,8 пайызды құрады. Соңғы тәулікте-1,2 пайыз немесе 99 жағдай", - деді аймақ басшысы.

Ермек Маржықпаевтың айтуынша, стационарда 526 адам ем алуда. Оның ішінде 41 адамның жағдайы ауыр. Сырқаттанушылықтың өсуіне жол бермеу және карантиндік шараларды күшейту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.

Өңірде басқа да тиісті шаралар жүргізілуде. Сырқаттанушылықтың өсуін төмендету үшін қоғамдық орындардың - азық-түлік емес дүкендердің, сауда - ойын-сауық орталықтарының және қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимі өзгертіліп, уақыт 30% қысқартылды.

Коронавирустық инфекцияның кең таралуына жол бермеу және инфекцияның алдын алу мақсатында кәсіпкерлік объектілерінің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Жыл басынан мониторингтік топтар 346 рейд жүргізді. 1 212 нысан қамтылды.

Өткен аптада инфекциялық стационарлардағы, оның ішінде ауылдардағы төсек саны артты. Реанимациялық төсектердің жабдықталуы 100 пайызды құрайды.

Айта кетейік, бүгінде облыста Ұлттық сараптама орталығының бірыңғай порталымен біріктірілген 3 зертхана жұмыс істейді. Тәулігіне 1 700-ден 2 мыңға дейін тест өткізіледі. Қажет болған жағдайда зертханалардың резервтік қуаты тәулігіне 7 мыңға дейін тест жүргізуге мүмкіндік береді.