Ақмола облысында 450 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Ақмола облысында 450 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында Ақмола облысының аумағында барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы ауданы 455 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттары пайдалануға берілді.

Облыс аудандары арасында пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы бойынша көшбасшылар қатарына Целиноград ауданы жатады.

Ауданда 2020 жылдың 10 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 18 млрд.764 млн. теңгені құрады. 182 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін барлығы 225 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

"Нұрлы жер" және Аймақтарды дамыту бағдарламалары аясында Ақмол және Қосшы елді мекендерінде 45 пәтерлі үш тұрғын үй салынуда.

"Қосшы ауылында бір кредиттік 45 пәтерлі, Ақмол ауылында 75 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде және Ақмол ауылында 26 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысына ЖСҚ-ға түзету жүргізілуде.

Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінеді. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша биыл Ақмол ауылында ДСК құрылысы басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Ақмол ауылында ХҚКО, шақыру пункті, салық басқармасы және әкімшілік ғимаратының құрылысына арналған жобалар әзірленді", - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Сондай-ақ Қоянды ауылында 356 орындық мәдениет үйі құрылысының жобасы сараптамадан өтуде. Қосшы ауылында ДСК құрылысы бойынша жобаға түзету жүргізілуде.

Сонымен қатар, ауданда 8 мектеп пен 2 балабақша салынуда.

Бүгінгі күні Шұбар, Арайлы, төңкеріс ауылдарында 140 орындық 3 балабақшаның құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді және ауданның 9 елді мекенінде мектеп құрылысына ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.