
Егіндікөл ауданы өңірдің жетекші аграрлық аймақтарының бірі ретіндегі мәртебесін нық сақтап келеді. Өнеркәсіп саласында жекелеген өзгерістер болғанымен, инвестиция көлемінің артуы мен кәсіпкерліктің дамуы аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Юрий Курушин мәлімдеді.
Аудан экономикасының тұрақты дамуына шағын және орта бизнес елеулі үлес қосуда. Бүгінде Егіндікөл ауданында 440-тан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар 1,3 мыңға жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 120 пайыздан асып, бөлшек сауда айналымының ұлғаюына оң әсерін тигізді.
«Шағын және орта бизнес – аудан экономикасының тұрақтылығының басты тірегі. Инвестициялық белсенділіктің артуы өңірдің кәсіпкерлер үшін тартымды екенін көрсетеді. Ал жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің өзгермейтін басым бағыттарымыздың бірі», – деді аудан әкімі Юрий Курушин.
Аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші – агроөнеркәсіп кешені. Биыл көктемгі егіс жұмыстары 330 мың гектар алқапта жүргізілді. Ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Дәнді дақылдар бұрынғыдай негізгі үлесті сақтап, шамамен 300 мың гектар жерге егілсе, жоғары табыс әкелетін майлы дақылдардың егіс көлемі екі еседен астам ұлғайып, 20 мың гектарға жетті. Ал мал азығы дақылдарына 6 мың гектар жер бөлінді.
Өсімдік шаруашылығымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен мал шаруашылығын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауданда сегіз ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Солардың ең ауқымдысы – жылына 150 тонна өнім өндіруге қауқарлы заманауи ұн тарту-өнеркәсіп кешенінің құрылысы.
Мал шаруашылығы саласы да тұрақты дамып келеді. Ауданда ет бағытындағы мамандандырылған шаруашылықтарды құру жобалары жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде ірі қара мал саны өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп, 9 мың басқа жуықтады. Сонымен қатар шаруашылықтарда 4 мыңнан астам сиыр, 4,5 мың жылқы және шамамен 2 мың шошқа өсірілуде. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуына, өндіріс көлемінің артуына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.