Целиноград ауданында ауыл медицинасының мүмкіндігі кеңейіп келеді

Целиноград ауданында ауыл медицинасының мүмкіндігі кеңейіп келеді

Целиноград ауданында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Соңғы жылдары мұнда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 16 жаңа нысан пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі едәуір артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Дарын Сабырғали мәлімдеді.

Целиноград ауданы – Ақмола облысындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жыл сайын халық саны артып, елордаға іргелес орналасқан елді мекендер қарқынды өсіп келеді. Осындай жағдайда тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету басты міндеттердің біріне айналып отыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 16 нысан салынды. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. Бүгінде бұл мекемелер ауыл тұрғындарына тұрақты медициналық қызмет көрсетіп келеді.

Бұрын көптеген ауыл тұрғындары дәрігердің қабылдауына қаралу немесе қажетті медициналық көмек алу үшін ірі елді мекендерге не облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Қазір алғашқы дәрігерлік кеңес алу, профилактикалық тексеруден өту, қажетті медициналық қызметтерді пайдалану және диспансерлік бақылауда болу мүмкіндігі өз ауылдарында қолжетімді болды.

«Біз үшін әрбір елді мекен тұрғынының сапалы медициналық көмекке тең дәрежеде қол жеткізуі маңызды. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр», – деді аудан әкімі Дарын Сабырғали.

Жаңа медициналық нысандар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соның арқасында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Медициналық нысандармен қатар жаңа мектептер салынып, автомобиль жолдары жөнделуде, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, ауыз сумен қамтамасыз ету және елді мекендерді газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Аудан басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамыту алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

«Әрбір жаңа медициналық нысан – ең алдымен халықтың денсаулығына деген қамқорлықтың көрінісі. Біздің міндетіміз – аудан тұрғындарының сапалы медициналық көмекті алысқа сабылмай-ақ, өз тұрғылықты жерінде алуына жағдай жасау», – деп атап өтті Дарын Сабырғали.

Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы бұл жұмыстар бүгінде мыңдаған тұрғын үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, ауыл медицинасын одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырып отыр.