Ақмола облысында кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда

Ақмола облысында кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда

Жазғы демалыс кезеңінде көптеген жасөспірімдер бос уақытын тиімді пайдаланып, алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және қаржылық дербестікке ұмтылады. Алайда кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту кезінде олардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау – басты талаптардың бірі. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Абжатов Ерлан мәлімдеді.

Қазіргі таңда Ақмола облысында кәмелетке толмағандармен жасалған 400-ге жуық еңбек шарты ресми түрде тіркелген. Дегенмен бұл көрсеткіш жасөспірімдердің нақты жұмыспен қамтылу деңгейін толық көрсетпейді. Себебі кейбір жастар сауда орындарында, қоғамдық тамақтану саласында, жеткізу қызметтерінде, саябақтар мен ойын-сауық орындарында еңбек еткенімен, олармен ресми еңбек шарты жасалмайтын жағдайлар кездеседі.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімді жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын рәсімдеу – оның заңды құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі. Ресми келісім арқылы баланың жұмыс уақыты, еңбекақысы және еңбек жағдайы заңмен қамтамасыз етіледі.

«Кәмелетке толмағандардың еңбекке араласуы олардың жауапкершілік сезімін қалыптастырып, өмірлік тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Бірақ бұл процесс міндетті түрде заң талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы керек. Жұмыс беруші ең алдымен баланың қауіпсіздігі мен құқықтарын ескеруі тиіс», – деді Ерлан Абжатов.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жасөспірімдерді жұмысқа тартудың нақты тәртібі белгіленген. 14 жастан бастап оқудан бос уақытта денсаулыққа зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі. Бұл ретте ата-ананың немесе заңды өкілдің жазбаша келісімі қажет.

15 жастан бастап жасөспірімдерге ресми еңбек шарты негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі, ал 16 жастан бастап олар еңбек шартын өз бетінше жасай алады.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар шектеулер қарастырылған. Олар түнгі уақытта жұмысқа тартылмайды, яғни сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін еңбек етуге болмайды. Сондай-ақ жасөспірімдерге ауыр, зиянды немесе олардың денсаулығы мен психологиялық дамуына кері әсер ететін жұмыстарды орындауға тыйым салынады.

Еңбек уақыты да жас ерекшелігіне қарай белгіленеді. 14 пен 16 жас аралығындағы балалар үшін жұмыс аптасының ұзақтығы 24 сағаттан аспауы керек, ал 16-18 жас аралығындағылар үшін 36 сағаттан артық болмауы тиіс.

«Балалар еңбегін қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жұмыс берушілер мен ата-аналардың да ортақ міндеті. Алғашқы еңбек тәжірибесі жасөспірім үшін қауіпсіз, заңды әрі пайдалы болуы қажет. Сол кезде ғана ол тұлғалық дамуға оң әсер етеді», – деп атап өтті спикер.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс берушілерді кәмелетке толмағандармен еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге шақырады. Себебі еңбек шартынсыз жұмысқа жіберу және белгіленген талаптарды бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

Мамандар ата-аналарға да балалардың еңбек жағдайына бейжай қарамай, жұмыс орнының қауіпсіздігін, еңбек тәртібін және баланың оқуына, демалысына әсерін бақылауға кеңес береді.

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналар мен жасөспірімдер Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады. Бұл бағыттағы басты мақсат – әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның алғашқы еңбек тәжірибесін дұрыс қалыптастыру.