
Қорғалжын ауданында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артып, жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есеге өсті. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Алмас Алин мәлімдеді.
Инвестиция тарту аудан экономикасын әртараптандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызды тетігі болып табылады. Өткен жылы ауданда жоспар артығымен орындалған болатын.
Қазіргі уақытта Қорғалжын ауданында 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және өңдеу салаларын қамтып, жергілікті экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуде. Жобалардың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде ауданда 666 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін пайдалану және бизнес бастамаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
«Инвестиция тарту – ауданның ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарының бірі. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы аудан экономикасының тұрақтылығын күшейтіп, Қорғалжынның өңірлік дамудағы әлеуетін арттыра түседі.