Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтары қорғалып, бағаның тұрақтылығы қамтамасыз етілуде

Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтары қорғалып, бағаның тұрақтылығы қамтамасыз етілуде

Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сатып алушылардың мүддесін қорғау, сауда саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және адал кәсіпкерлікті қолдау мәселелерімен Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл туралы брифинг барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді.

2026 жылдың есепті кезеңінде департаментке азаматтардан жүздеген өтініш келіп түскен. Олардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты. Мамандар тұтынушылардың байланыс ақпараты болмағандықтан шағым немесе талап жолдай алмауы, кассалық чектің берілмеуі, сондай-ақ тек ақша аударымы арқылы есеп айырысу сияқты заң бұзушылықтарды анықтауда.

Осындай фактілердің алдын алу мақсатында уәкілетті орган жоспардан тыс тексерулер жүргізіп келеді. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше бақылау жасалады. Бірінші кезекте қажетті тауарлардың отыздан астам түрін қамтитын бұл санат бойынша сауда үстемесінің шекті мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс. Белгіленген талаптарды бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.

Баға бақылауымен қатар облыста «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында тауарлардың сапасына қоғамдық бақылау жүргізіліп, зертханалық тексерулер арқылы санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін, таңбалануы дұрыс емес немесе мемлекеттік тілдегі ақпараттары жоқ өнімдер анықталады.

Сонымен қатар кейбір жағдайларда сөрелердегі баға көрсеткіші мен кассадағы нақты есеп сомасының сәйкес келмеу фактілері де тіркелуде. Анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша жедел шаралар қабылданып, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдердің айналымнан шығарылуы қамтамасыз етіледі.

«Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерді тек жауапкершілікке тарту емес, нарықтағы ашықтықты қамтамасыз ету және барлық бизнес субъектілерінің ортақ талаптарды сақтауына жағдай жасау. Сауда үстемесінің белгіленген шегін сақтау – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты», – деді Самат Сайдалин.

Департамент өкілдері кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілік танытып, қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ашық әрі әділ бәсекелестік орта облыс нарығының тұрақтылығын нығайтып, әрбір тұтынушының заңды құқығын қорғауға мүмкіндік береді.