
Ерейментау ауданында мал шаруашылығы саласын дамыту және экспортқа бағытталған өндірісті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан ет өндірісінің толық циклін қамтитын заманауи агроөнеркәсіптік кластер құру арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бет бұрды. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Нұрлан Мұқатов мәлімдеді.
Соңғы жылдары ауданда ірі қара мал, қой және жылқы саны тұрақты өсіп, сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Саланың жетекші кәсіпорындары қатарындағы «Жана Береке Репродуктор» және «Ерейментау Астық 2014» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мал бордақылау алаңдарын дамытып, өнімдерін ішкі нарықпен қатар шетелдік нарықтарға да шығаруда.
Аталған кәсіпорындардың өнімдері Таяу Шығыс елдеріне экспортталып, Ерейментау ауданының аграрлық бағыттағы мүмкіндігін көрсетуде. Бұл – жергілікті шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауданның экспорттық әлеуетін күшейтетін маңызды қадам.
Мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мақсатында ірі шаруашылықтарды біріктіретін консорциум құрылып, асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған ауқымды кластер қалыптастырылуда. Жоба аясында жайылымдарды тиімді пайдалану үшін ондаған шақырым қоршау орнатылып, су ұңғымалары бұрғыланды.
Сонымен қатар өндіріс орындарында заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Мал есебін жүргізудің электронды жүйесі іске қосылып, жануарларға чип арқылы бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Нысандар спутниктік байланыспен қамтамасыз етіліп, шаруашылықтарды басқарудың жаңа тәсілдері қолданылуда.
«Экспортқа бағытталған ет кластерін құру – ауданымыз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Біз өндірісте заманауи технологияларды енгізіп, цифрландыру мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өнімнің қосылған құнын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов.
Заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдердің енгізілуі Ерейментау ауданын ет өндірісі бағытындағы жетекші өңірлердің біріне айналдырып, отандық өнімнің жаңа экспорттық нарықтарға шығуына жол ашуда.