Көкшетауда болашақ экологтарға арналған арнайы акция өтті

Көкшетауда болашақ экологтарға арналған арнайы акция өтті

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні әрі Экологтардың кәсіби мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласында ауқымды «Эколог сағаты» акциясы ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өткен бұл игі іс-шараға Ақмола облысы бойынша экология Департаменті мұрындық болды.

Алқалы жиынның басты мақсаты — халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыру және тұрақты өмір салты қағидаттарын кеңінен насихаттау.

Шараның модераторы ретінде Ақмола облысы бойынша экология Департаменті өкілдері бой көрсетіп, оған Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің химия, биология және биотехнология кафедраларының 2-3 курс студенттері, кәсіби экологтар және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында негізгі спикер ретінде сөз алған Департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің (сынақ зертханасы) басшысы Мейрамгүл Рамазанова болашақ мамандарды мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырып, тәжірибелік жұмыстарды ортаға салды:

«Кәсіби мерекеміздің қарсаңында болашақ мамандарды зертханамыздың нақты жұмыс процесімен таныстырудың маңызы зор. Бүгін студенттер Экологиялық кодекс талаптарын біліп қана қоймай, ауа мен су құрамына жасалатын химиялық талдауларды өз көздерімен көрді. Табиғатты қорғау — тек экологтардың емес, баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, біздің ертеңгі денсаулығымыз бен берекеміз бүгін қоршаған ортаға қалай қамқорлық танытатынымызға тікелей байланысты», – деді ол.

Сонымен қатар, студент Кәріпсамал Нұрланқызы бұл бастаманың мемлекеттік маңызына тоқталды:
«Мемлекет басшысының қолдауымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы — бұл жай ғана тазалық шарасы емес, бұл қоғамдық сананың жаңа сатыға көтерілуі. Біздің мақсатымыз — әрбір азаматтың бойында табиғатқа деген шынайы жанашырлықты ояту. Тазалық мәдениеті мен экологиялық білім әр үйден бастау алып, біздің негізгі өмірлік қағидамызға айналуы тиіс», – деп атап өтті.

«Эколог сағаты» аясында студенттер кәсіби зертхана құрылғыларының жұмыс істеу принципін көріп, мамандармен тікелей пікір алмасты. Мұндай практикалық жүздесулер болашақ экологтардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық тұрақтылықты сақтауға жатардың белсенді араласуына үлкен серпін береді