
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай Ақмола облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Экологиялық акциялар өңірдің барлық ауданын қамтып, мыңдаған тұрғынды қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыру ісіне жұмылдырды.
Көкшетау қаласында экологиялық акцияның негізгі алаңы «Бәйтерек» саябағы болды. Қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен өткен сенбілікке мемлекеттік органдардың өкілдері, волонтерлер, студенттер мен белсенді жастар қатысты. Жалпы саны 100-ге жуық адам жұмылдырылып, нәтижесінде бір тонна қоқыс жиналып шығарылды, сондай-ақ 24 гектар аумақта шөп шабу жұмыстары жүргізілді.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаевтың айтуынша, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген экологиялық бастамалар жүзеге асырылған.
– Акция аясында аулалар тазартылып, көшелер абаттандырылып, жүздеген ағаш отырғызылды. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді ол.
Экологиялық акцияларға өңір жастары да белсенді қатысуда. Волонтерлік ұйымдар мен студенттер қауымы қоғамдық орындарды тазарту және көркейту жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Есіл ауданында Эколог күні орталық алаңда өткен экологиялық флешмобпен басталды. Одан кейін қатысушылар «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өзен жағалауларын тазалау жұмыстарына қатысты. Сурган станциясы маңындағы Есіл өзенінің жағалауында 120-дан астам адам тұрмыстық қалдықтарды жинап, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық іс-шаралар облыстың басқа да аудандарында кеңінен қолдау тапты. Аршалы ауданында сенбіліктерге 1200-ден астам адам қатысып, қоғамдық орындар мен көшелер тазартылып, 80 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Біржан сал ауданында «Өзіңнен баста» акциясы аясында үш тонна қалдық жиналып, 7 500 шаршы метр аумақта шөп шабылды.
Жарқайың ауданында еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер Державинск қаласындағы ипподром аумағы мен Есіл өзенінің жайылмасын тазалап, бұрын отырғызылған жас көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді. Шортанды ауданында қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, 30-дан астам көшет отырғызды. Қорғалжын ауданының Арықты ауылдық округінде санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, аумақтар ретке келтірілді.
Өңірде өткен экологиялық акциялар тұрғындардың табиғатты қорғауға және туған жердің тазалығын сақтауға деген жоғары жауапкершілігін көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларды біріктіре бермек.