
Салауатты өмір салтын ұстану — бүгінгі қоғамның басты бағыты. Сұлу Көкше өңірі мен Арқа төсіндегі Ақмола облысында спортпен тұрақты шұғылданатындар саны жыл санап артып, жаңа спорт кешендерінің қатары қалыңдап келеді.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 340 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл — аймақ халқының 43,6%-ы. Ең қуаныштысы, бұл көрсеткіштің тең жартысына жуығы — ауыл тұрғындары. Өңірде қысқы спорт түрлерімен қатар бокс, күрес, жеңіл атлетика және ұлттық спорт түрлері (тоғызқұмалақ, қазақ күресі, садақ ату) ерекше танымал.
«Спортты дамыту — тек чемпиондарды дайындау емес, ең алдымен ұлт саулығын нығайту. Біздің басты мақсатымыз — әрбір ақмолалықтың, мейлі ол қалада немесе шалғай ауылда тұрсын, спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы тиіс», — дейді Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.
Бүгінде облыста шамамен 1200 спорттық ғимарат жұмыс істеп тұр, оның 652-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Тек соңғы бір жылда аймақта 50-ден астам жаңа спорт нысаны бой көтерді. Зеренді, Мәдениет, Жаңақима, Қорғалжын, Қосшы, Степногорск және Макинск сияқты елді мекендерде жаңа спорт мектептері, бассейндер мен дене шынықтыру кешендері ашылды.
Жақын арада іске қосылатын ірі жобалар: Бестөбе, Жақсы, Жібек жолы ауылдарындағы спорт кешендері; Көкшетау қаласындағы Инклюзивті спорт орталығы; Көкшетаудағы 10 мың орындық заманауи футбол стадионы.
Балалар спортын қолдау — басты басымдық. Қазіргі уақытта damubala.kz платформасы арқылы жүзеге асатын мемлекеттік тапсырыс аясында 10 мыңнан астам бала спорттың 21 түрі бойынша (бокс, дзюдо, футбол, жүзу т.б.) мүлдем тегін айналысып жүр.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да назардан тыс қалған емес. Облыста шамамен 2800 мүмкіндігі шектеулі жан спортпен белсенді шұғылданады. Көкшетаудағы «Мерген» спорт клубы мен арнайы әлеуметтік тапсырыстар бұл азаматтардың спорт залдарына тегін баруына жағдай жасап отыр.
Әрине, шешілуі тиіс мәселелер де бар. Облыс бойынша спорт нысандарымен қамтамасыз ету деңгейі әлі де 70,8%-ды құрайды. Атбасар, Астрахан, Жарқайың және Ақкөл аудандарының спорт мектептері жаңғырту мен жөндеуді қажет етеді. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті.
«Болашақта спортты халыққа барынша жақындатуды көздеп отырмыз. Ол үшін тек үлкен ғимараттар емес, әр аулада велосипед жолдары, жүгіру соқпақтары мен воркаут алаңдары болуы тиіс. Тұрғындар үйінен шыққан бойда спортпен шұғылдана алатындай «қадамдық қолжетімділік» қағидатын енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ, секцияларға жазылу жүйесі де толықтай цифрландырылады», — деп түйіндеді сөзін Ардақ Төлендин.