
Ақмола облысында жазғы демалыс маусымына дайындық басталды. Биыл өңірде 1–10 сынып аралығындағы 115 мыңнан астам оқушыны сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Биыл облыста балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 13 лагерь жұмыс істемек. Оның 6-уы мемлекеттік, 7-уі жекеменшік лагерьлер.
«Жазғы демалыс балалардың тек тынығып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, жаңа ортада дамуына мүмкіндік беретін маңызды кезең. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын ұйымдастыру басты назарда болады», – деді Айнагүл Балташева.
Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінуде. «Жалпыға міндетті білім беру» қоры есебінен қала сыртындағы лагерьлерде 1798 бала тегін сауықтырумен қамтылады. Бұл мақсатқа 155 миллион теңге бөлінген.
Қазіргі таңда облыстың 18 ауданы лагерьлермен келісімшарт жұмыстарын аяқтаған. Ал Бурабай және Біржан сал аудандарында бұл жұмыстар 25 мамырға дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, өңірде жаңа оқу жылына дайындық та басталып кетті. Биыл Ақмола облысында 12 мыңнан астам баланы 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Құжат қабылдау 10 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар құжаттарды eGov порталы арқылы немесе мектептердегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы тапсыра алады.
Білім басқармасының мәліметінше, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі спорттық, танымдық және шығармашылық бағдарламалар әзірленген.