
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің қолданыстағы моделі қайта қаралып, нақты экономикалық тәуекелдер мен азаматтардың өмір сүру ұзақтығын ескеретін актуарлық тәсілге көшіріледі. Өзгерістердің басты мақсаты – қазақстандықтардың зейнетке шыққаннан кейінгі қаржылық тұрақтылығы мен тұрақты табысын қамтамасыз ету. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Назипа Салингреева мәлім етті.
Қазіргі жүйе «жеткіліктілік шегінен асатын» қаражатты алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте салымшы зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс істеп, үздіксіз аударым жасайды деген болжам негізге алынады. Алайда бұл модель жұмыссыз қалу немесе табыстың төмендеуі сияқты тәуекелдерді ескермейді. Үш жыл бойы жеткіліктілік шегінің қайта қаралмауын назарға ала отырып әзірленген жаңа әдістеме азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Әсіресе, болашақтағы зейнетақысы жинақтау жүйесіне тікелей тәуелді болатын жастар үшін бұл аса маңызды.
«Зейнетақы жинақтары – күнделікті шығындарға арналған қысқа мерзімді депозит емес, болашақтағы тұрақты өмірдің кепілі. Жаңа әдістеме нақты экономикалық есептерге негізделген. Біздің міндетіміз – азаматтар бүгін қаражаттың бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, қарттық шаққа сенімді қаржылық қор сақталуын қамтамасыз ету», – деді Назипа Салингреева.
Спикер мысал ретінде 46 жастағы салымшының есебін келтірді. Қазіргі жеткіліктілік шегі бойынша ол жинақтарының бір бөлігін ала алады, алайда болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлемдері ең төменгі деңгейде болады. Егер бұл қаражат шотта сақталса, инвестициялық табыс пен капиталдандыру есебінен болашақ зейнетақы көлемі шамамен үш есеге дейін артады.
Жаңа тәсіл әр азамат үшін жеке есептеліп, күтілетін өмір сүру ұзақтығы мен мақсатты төлем көрсеткіштеріне негізделеді. Мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуын бақылауды кезең-кезеңімен күшейтіп, қысқа мерзімді шығындардан гөрі азаматтардың ұзақ мерзімді әлеуметтік қауіпсіздігіне басымдық беріп отыр.