
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде облыста ерекше қажеттіліктері бар шамамен 30 мың адам тұрады. Қызмет көрсетудің заманауи форматтарына көшу және бақылауды күшейту туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Шерьязданов мәлімдеді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – медициналық-әлеуметтік сараптаманы жаңғырту болды. Енді мүгедектікті растауды мекемелерге жеке бармай-ақ, сырттай-проактивті форматта рәсімдеуге болады. Қажетті барлық мәліметтер жүйеге электронды түрде түседі, бұл қағазбастылық пен мекемелерді аралап жүруді болдырмайды.
«Сырттай формат қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында енгізілді. Бұл субъективті көзқарасты болдырмауға және әр азаматқа қажетті оңалту құралдарын автоматты түрде іріктеуге мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Шерьязданов.
Емдеуші дәрігерлер дайындайтын медициналық құжаттардың сапасына ерекше назар аударылуда. Сырттай модель кезінде дәл осы мәліметтердің толықтығы мен шынайылығы мүгедектік тобын дұрыс белгілеуде шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін экстерриториялық қағидат қолданылады: бір өңір тұрғынының құжаттарын басқа өңірдің сарапшылары қарай алады.
Рәсімдерді жеңілдетумен қатар мемлекет бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуде. Тексерулер құжаттарды қолдан жасау әрекеттерін анықтап жатыр – ел бойынша әртүрлі адамдарға арналған медициналық қорытындылардың «бір көшірмемен» рәсімделген 150-ден астам жағдайы тіркелген.
«Мемлекеттік көмек атаулы түрде көрсетіліп, шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана жетуі тиіс. Қазіргі уақытта біздің облыста мұндай заңбұзушылықтар анықталған жоқ, дегенмен біз жағдайға жүйелі мониторинг жүргізуді жалғастырып келеміз», – деп атап өтті департамент басшысы.
Алаяқтық жасауға және заңсыз төлемдер алуға бағытталған кез келген әрекеттер құқық қорғау органдарының қатысуымен тоқтатылатын болады. Ведомствоның басты мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етіп, көмекке мұқтаж әрбір азаматқа кепілдендірілген қолдау көрсету.