Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күні  кең көлемде аталып өтті

1 мамыр күні Көкшетау қаласындағы «Жаңа Жағалау» аумағында «Ел бірлігі – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында қолөнер туындыларының жәрмеңкесі және қолөнершілердің шеберлік сағаттары, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдары жұмыс жасады. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп, тарихи-этнографиялық көрме арқылы көшпелі өркениеттің бай мұрасы кеңінен таныстырылды.

Салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі М.Ахметжанов тұрғындарды мерекемен құттықтап, еліміздегі бейбіт өмір мен қоғамдық келісімнің маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Қазақстандық бірегейлік пен бірліктің сақталуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Одан әрі мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Жиналған қауым  Астана қаласынан келген Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің  өнерін тамашалады. Сондай-ақ, қала өнерпаздары мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Кешке жастарға арналған Open-air форматындағы шоу бағдарлама ұйымдастырылды.

Жалпы өңір бойынша  Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес             мыңнан астам түрлі форматтағы (көрмелер, ашық сабақтар, челлендждер, фестивальдар, қайырымдылық және экологиялық акциялары, спорттық  жарыстар) іс-шара өткізілді. Аталған іс-шаралар қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, сондай-ақ жаңа Конституция құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталды.