
Соңғы бес жылда өңірде орман қорын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді: 11 мың гектар аумақта 73,7 млн көшет отырғызылды. Экологиялық науқанның нәтижелері мен табиғи байлықты сақтау жоспарлары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Батыржан Әбілпейісов баяндады.
Спикердің айтуынша, бесжылдық кезеңге жоспарланған барлық көрсеткіштер толық көлемде орындалған. Отырғызу кезінде негізгі басымдық жергілікті климатқа жақсы бейімделген қарағайға берілуде, сондай-ақ қайың, қарағаш және үйеңкі ағаштары да егіледі. Өңірді өз отырғызу материалымен қамтамасыз ету үшін облыста 11 орман тәлімбағы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Зеренді ауданында ауданы 61 гектар болатын жаңа тұрақты тәлімбақтың құрылысы басталды, бұл жас ағаштарды өсіру көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Орман өсіру жұмыстарымен қатар орман шаруашылықтарын техникалық жаңғырту да қарқынды жүргізілуде. Биыл материалдық-техникалық базаны нығайтуға қомақты қаражат бөлініп, 85 бірлік арнайы техника, оның ішінде өрт сөндіру көліктері мен тракторлар сатып алынды. Сондай-ақ бес мекемеде цифрлық мониторинг жүйесі енгізіліп, 21 бейнебақылау камерасымен жабдықталған мұнара орнатылды. Олар облыстың орман қоры аумағының жартысын қамтиды.
«Жүйелі жұмыс облыстың ормандылығын арттырумен қатар, табиғи ресурстарды тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Ақкөл және Зеренді аудандарында енгізілген цифрлық мониторинг жүйелері орман өрттері қаупіне жедел әрекет етуге көмектесуде. Алдағы екі жылда тағы 77 млн ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз», – деді Батыржан Әбілпейісов.
Орман қорымен қатар елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Өңірлік көгалдандыру жоспарына сәйкес, соңғы бес жылда облыстың қала және ауылдарында 500 мың ағаш отырғызылды. Бұл шаралар жергілікті бюджет есебінен де, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражаттарды тарту арқылы да қаржыландырылуда. Қабылданып жатқан барлық шаралар Ақмола облысының табиғи кешенін ұзақ мерзімді сақтауға бағытталған.