Ақмола облысында халықтық Конституцияның маңызы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылуы талқыланды

Ақмола облысында халықтық Конституцияның маңызы мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының іске асырылуы талқыланды

Көкшетау қаласында «Азаматтық қоғамның халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудағы рөлі» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.

Аталған мәселенің өзектілігі биылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының халықтық Конституциясының қабылдануымен айрықша мәнге ие болғаны атап өтілді.

Іс-шара Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Семинар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтіп, құқықтық мәдениетті дамытудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін талқылауға бағытталды.

Спикерлер қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, заң ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰҚК запастағы полковнигі Аманжол Уразбаев, Ақмола облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Хусаинов, «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, сондай-ақ Көкшетау қаласы прокуратурасының прокуроры Жібек Қабиратова сөз сөйледі. Модератор тарих ғылымдарының кандидаты, Ualikhanov university проректоры Ардақ Қапышев болды.

Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері және жастар қатысты.

Қатысушыларды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гулмира Сабырова құттықтады. Оның айтуынша, өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының бағыттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қатысуымен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская қабылданған Конституция елдің құқықтық және заңнамалық жүйесінің негізі екенін және қазіргі қоғамдық-саяси әрі экономикалық жағдайларға сай келетінін атап өтті.

Семинар аясында үш оқыту секциясы ұйымдастырылды. Қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ зардап шеккендерді қолдау шаралары мен дағдарыс орталықтарын дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар «ашық микрофон» форматында пікірталас өтіп, қатысушылар сарапшыларға өз сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданды.