
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтар күніне орай, Құрылыс-техникалық колледжі базасында, жас отбасылар колледж студенттерімен кездесіп қайтты.
Іс-шараның ұйымдастырушылары Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы мен «Сеніммен болашақ» РҚБ болып табылады.
Кездесуге колледж студенттері, ұйымдастырушылар, жас және көпбалалы отбасылар қатысты.
«Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарыигеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Отбасы шағын мемлекет. Үлгілі жанұя үлкен қазына. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз бар. Ұлы мен қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен. Егер отбасының түтіні түзу ұшпаса, ұрыс-жанжал, әлеуметтік жетіспеушілік, өзара жарасым болмаса, ондай отбасыдан береке қашады. Ондай отбасында тәрбиеленген баланың ішкі сана сезімі бұзылып, психологиялық жарақат алады. Ертең қоғамдық ортада түрлі қиындық тудыратын, әлеуметтенбеген «өгей» ұрпақ өседі» - деп, «Сеніммен болашақ» РҚБ төрағасы Айгүл Нұрмағанбетова тоқталып кетіп, шараның маңызды бөліміне көшті.
Айгүл Қайратқызы студенттерге арнайы шақыртылған жас отбасыларды таныстырып кетті.
Әлеуметтік желінің қазіргі таңда таныстық үшін маңыздылығы бар ма? Қандай өзгерістер енгізді? Сау отбасын дегенді қалай түсінуге болады? Мансап, оқу, және жеке өмір осының бәрін отбасын құрғаннан кейін үлгеруге бола ма? – деген сұрақтарға отбасылар жауап беріп, өздерінің өмірлерінің кіші бөлшегімен бөліскендей болды.
Атап айтсақ, көпбалалы Әубәкіровтер жанұясы өнерлі отбасылар қатарында саналса да, балаларға дұрыс әрі уақытылы тәрбие беру маңызды екенін айта кетті.
Әрине бала тәрбиесі, қызмет, үйдегі өзге де тірліктерді бірге ала жүру қазіргі заманда оңай шаруа емес екендігі айдан анық. Дегенмен солардың бәріне үлгеру әрбір ата-ананың жауапкершілігі.
Шара соңында әр отбасыға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталып, қатысушыларға маңызды ақпараттармен бөліскені үшін алғыстарын білдірді.