
Ақмола облысында денсаулық сақтау саласы барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамиканы көрсетіп отыр. Өңірде заманауи ауруханалар салынуда, цифрлық технологиялар енгізілуде және кадр тапшылығы мәселесі жүйелі түрде шешілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлім етті.
Брифинг барысында өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны айтылды. Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді жаңа облыстық аурухана құрылысы 50 пайыздан астам аяқталған. Жоба диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі толық циклді қамтитын заманауи медициналық кешенге айналмақ. Сонымен қатар ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 38 жаңа нысаны іске қосылған, ал Атбасар аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған.
«Жүйенің дамуы барлық бағыттар бойынша кезең-кезеңімен жүріп жатыр: инфрақұрылым, жабдық, кадр және цифрландыру. Біз қазіргі уақытта жаңғырту кезеңінің белсенді сатысындамыз және барлық өзекті мәселелерді ашық түрде мойындап, жүйелі шешіп келеміз», – деді Нариман Ермек.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресте де айтарлықтай нәтижелер бар. Жаңа медициналық жабдықтар мен ерте диагностиканың арқасында қант диабетінен болатын өлім-жітім 85 пайызға, ал миокард инфарктісінен болатын өлім 40 пайызға төмендеген. Сондай-ақ телемедицина қарқынды дамып, тұрғындарға 130 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілген. Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект технологиялары да енгізілуде.
Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық және қалалық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге әлеуметтік қолдау мен көтерме төлемдер қарастырылған. Арнайы тапшылығы жоғары мамандық иелері ерекше қолдауға ие. Осы шаралардың нәтижесінде өңірге 250-ден астам медицина қызметкері тартылған.
Жедел жәрдем қызметінде де тұрақты жағдай қалыптасқан: санитарлық автокөлік паркі 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бұл өңір бойынша шақыртуларға жедел әрі уақтылы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Есепті кезеңде облыста ана өлімі тіркелмегені де ерекше атап өтілді.