Ақмола облысының жұмыс берушілеріне жауапкершіліктің күшейтілетіні туралы ескертілді

Ақмола облысының жұмыс берушілеріне жауапкершіліктің күшейтілетіні туралы ескертілді

Қазақстанда еңбек құқықтарының сақталуын бақылау кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді, енді компаниялардың міндеттері барынша нақты айқындалған. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы еске салады: талаптарды сақтау – ұсыныс емес, әрбір басшының тікелей міндеті. Негізгі өзгерістер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте департамент басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев баяндады.

Негізгі талаптардың бірі – цифрлық ашықтық. Жұмыс беруші әрбір еңбек шарты бойынша деректерді, оған енгізілген өзгерістерді және еңбек демалыстары туралы мәліметтерді бірыңғай электрондық есеп жүйесіне міндетті түрде енгізуі тиіс.

Спикердің айтуынша, бұл – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынасты әділ етудің жалғыз жолы.

«Бірыңғай жүйе – әділ есеп жүргізудің маңызды құралы. Сондықтан мәліметтерді енгізуге барынша жауапкершілікпен қарау қажет», – деп атап өтті Уақыт Бейсембаев.

Жақын арада деректерді уақытылы енгізбегені немесе қате мәлімет бергені үшін жауапкершілік күшейтіледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері бизнес санатына байланысты болады, ал қайталанған жағдайда едәуір артады.

Сондай-ақ жұмыс орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Енді әрбір өндірістік нысан еңбек жағдайлары бойынша тұрақты түрде аттестациядан өтуі тиіс. Бұдан бөлек, кәсіпорындар ішкі бақылау жүйесін енгізуге міндетті: тәуекелдерді бақылап, кемшіліктерді дер кезінде жою арқылы жазатайым оқиғалардың алдын алу қажет.

Уақыт Бейсембаевтың айтуынша, бұл тек заң талабы ғана емес, адамдардың өміріне деген жауапкершілік. Бүгінде барлық нормаларды сақтау – өңірдегі кез келген кәсіпорынның заңды әрі тұрақты жұмыс істеуінің басты шарты болып отыр.