Мемлекеттік гранттар Ақмола облысындағы әлеуметтік бизнестің дамуына қалай әсер етуде

Мемлекеттік гранттар Ақмола облысындағы әлеуметтік бизнестің дамуына қалай әсер етуде

Ақмола облысында әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлікті қолдау күшейіп келеді. Өңірде кәсіпкерлерге жобаларын кеңейтіп, азаматтарды оңалту мен оқыту саласына заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін қайтарымсыз гранттық қаржыландыру тетіктері белсенді түрде енгізілуде.

Қазіргі таңда республикалық тізілімде Ақмола облысынан 35 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Мемлекет оларға салықтық жеңілдіктерден бастап, заманауи құрал-жабдықтар мен қажетті инвентарь сатып алуға арналған қайтарымсыз гранттарға дейін кешенді қолдау көрсетеді.

Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нақты мысалдарының бірі – білім беру орталығы. Мұнда бөлінген қаржы оқу процесін цифрлық тұрғыда жаңғыртуға бағытталды. Соның нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған интерактивті панельдер сатып алынды.

Орталықтың жетекшісі Жұлдыз Тлеуова бұл жаңашылдық түзету жұмыстарының тиімділігін арттырғанын атап өтті.

«Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесі бізге гранттық қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Интерактивті технологиялар балалардың қызығушылығын арттырып, сабақтардың нәтижелілігін едәуір күшейтті. Біздің мақсатымыз – баланың сөйлеу қабілетін барынша дамытып, оның жалпы білім беретін ортада толыққанды білім алуына жағдай жасау», – деді ол.

Логопед-дефектолог Оксана Шилова да цифрлық технологияларды қолдану әдістемелік базаны жүйелеуге және балалардың қозғалыс координациясын арнайы цифрлық жаттығулар арқылы дамытуға мүмкіндік бергенін айтты.

Өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бөлімінің басшысы Дана Жұманова мәлімдеді.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік – өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. 1–15 наурыз аралығында біз әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу үшін құжаттарды қабылдаудың кезекті кезеңін өткізіп жатырмыз. Бұл бизнес өкілдеріне қолдаудың кең спектріне, соның ішінде жаңа “ІскерАймақ” бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.

Өткен жылы республика бойынша бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 9 мыңнан астам грант берілген. Биыл негізгі назар қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау тетіктерін біріктіретін «ІскерАймақ» бағдарламасы аясындағы кешенді көмекке аударылып отыр.

Мониторинг қорытындысы бойынша профильді ведомстволарға кәсіпкерлердің тізілімге енуін жеңілдету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұл бағыттың дамуы Ақмола облысының экономикалық көрсеткіштерді арттырумен қатар, маңызды әлеуметтік мәселелерді де тиімді шешіп келе жатқан өңір ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде.