Су тасқыны қауіпсіздігі: Жарқайың ауданында 50-ден астам маман мен арнайы техника жұмылдырылды

Су тасқыны қауіпсіздігі: Жарқайың ауданында 50-ден астам маман мен арнайы техника жұмылдырылды

Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізілуде. Жарқайың ауданының Гастелло ауылында жергілікті әкімдіктің бастамасымен төтенше жағдай қызметтерінің кешенді оқу-жаттығулары өткізілді. Инфрақұрылымның дайындық деңгейін тексеруге 50-ден астам жеке құрам қызметкері және 27 бірлік арнайы техника тартылды.

Практикалық кезең барысында төтенше жағдайларды жоюдың түрлі сценарийлері пысықталды. Қорғаныс құрылыстарын нығайтудан бастап, халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялауға дейінгі іс-қимылдар қамтылды. Қорғанысты күшейту жұмыстарына коммуналдық қызметтермен қатар жеке сектор өкілдері де, оның ішінде «Арка-К» ЖШС мен жол пайдалану ұйымдары тартылды.


Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков алдын алу шараларының маңыздылығына ерекше тоқталды.


«Су тасқыны кезеңіне дайындық ерекше бақылауда. Өткен жылдардағы жағдайды талдау нәтижесінде біз тәуекел аймақтарын нақты анықтадық. Олардың қатарына 8 елді мекен кіріп отыр. Біздің басты міндетіміз – қауіп-қатерді барынша азайтып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету», – деді ол.


Қазіргі уақытта инженерлік жұмыстар белсенді жүргізілуде. Пригородное ауылында ұзындығы 2900 метр болатын топырақтан жасалған қорғаныс білігі нығайтылуда. Гастелло ауылында – 700 метр, ал Державинск қаласында – 600 метр қорғаныс білігі күшейтілуде. Жыл басынан бері елді мекендер аумағынан 13 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ауданның жұмылдыру даярлығы бөлімінің басшысы Тоқтар Шпанов жедел резервтің қалыптастырылғанын айтты.


«Ауданда тәулік бойы жұмыс істейтін штаб құрылатын болады. Жедел әрекет ету үшін арнайы жасақ жасақталды, 16 мотопомпа және жүзу құралдары дайындалды. Сонымен қатар 10 наурыздан бастап өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында жарылыс жұмыстарын жүргізуді бастаймыз», – деп түсіндірді ол.


Гидротехникалық шаралармен қатар ауданның энергетика қызметі де су тасқыны жағдайында электр беру желілерін жедел қалпына келтіру алгоритмдерін пысықтады.


Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жауапты ведомстволарға су деңгейін тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету және қорғаныс құрылыстарын белгіленген мерзімде толық дайындау тапсырылды. Инженерлік қорғау шараларын кешенді жүзеге асыру Жарқайың ауданының маусымдық табиғи қауіп-қатерлерге қарсы тиімді әрекет етуге дайын екенін көрсетеді.