
Ақмола облысында тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтану үрдісі байқалуда. Өткен жылдың қараша айында тіркелген маусымдық шарықтау кезеңінен кейін өңірде сырқаттанушылық көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов мәлімдеді.
2026 жылдың басынан бері облыста ЖРВИ-дің 27 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Жалпы эпидемиологиялық маусым барысында шамамен 102 мың науқас есепке алынған. Сырқаттанғандардың 64 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі уақытта өңірде А (H3N2) типті тұмау вирусы айналымда. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында медициналық ұйымдарда сүзгі-кабинеттердің күшейтілген жұмыс тәртібі сақталып, пациенттер ағыны бөлек ұйымдастырылған.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов иммундаудың халықты қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Вакцинация – ең тиімді әрі ғылыми негізделген алдын алу шарасы. Қазіргі науқан аясында 83 мыңнан астам адам екпе алды, бұл облыс халқының 11 пайызын құрайды. Арнайы профилактика аса маңызды, себебі аурудың ауыр өтуі мен қауіпті асқынулары көбіне екпе алмаған азаматтар арасында тіркеледі», – деді ол.
Сонымен қатар ведомствоны профилактикалық екпелерден бас тарту жағдайларының артуы алаңдатып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы жылдары өңірде мұндай жағдайлар саны шамамен бес есеге өскен: 2021 жылы 627 болса, 2025 жылы 3 мыңнан асқан. Тек биылғы қаңтар айының өзінде 127 жаңа бас тарту тіркелген. Бұл қызылша мен көкжөтел сияқты жұқпалы инфекция ошақтарының қалыптасу қаупін арттырады.
Кездесу қорытындысында Қазақстанда вакцинация Ұлттық екпелер күнтізбесі аясында тегін жүргізілетіні атап өтілді. 2026 жылға қойылған басты міндет – түсіндіру жұмыстарын күшейту және өңірде ұжымдық иммунитетті сақтау бағытында азаматтардың жауапкершілігін арттыру.