
Халықаралық еріктілер жылы аясында Ақмола облысының еріктілері үшін әлеуметтік желілерде жеке брендті дамыту және жылжыту тақырыбында лекция ұйымдастырылды.
Іс-шара Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Жастар және отбасы істері жөніндегі бөлім басшысы Айсұлу Мырзахметованың алғы сөзімен ашылды. Ол еріктілер қозғалысының қоғамдағы рөліне тоқталып, жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау мен олардың ақпараттық кеңістікте белсенді болу маңыздылығын атап өтті.
Лекция барысында «Амедиа» студиясының негізін қалаушы, маркетолог Шумакбаева Мадина «Әлеуметтік желілерде өзін жылжыту. Жеке брендке шолу» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік желілерде жеке бренд қалыптастырудың негізгі қағидалары мен тиімді контент жүргізу жолдарын түсіндірді.
Блогер, жас кәсіпкер әрі шоумен Қаиырбек Алихан «Жеке бренд. Онлайн және офлайн бизнес» тақырыбында сөз сөйлеп, жеке брендті дамыту арқылы кәсіпкерлікті ілгерілету тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар «Жас Ақмола» жастар сыйлығының «Жас креатор» номинациясының иегері, «Инновациялық технологиялар паркі» филиалының контент-менеджері Мукушев Қуаныш «Жасанды интеллект бойынша воркшоп» өткізіп, цифрлық құралдар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін таныстырды.
Іс-шара барысында қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, пікір алмасты. Кездесу еріктілердің заманауи дағдыларын дамытуға және ақпараттық кеңістікте белсенділігін арттыруға бағытталды.