Ақмола облысында жұқпалы аурулардың деңгейі төмендеуде

Ақмола облысында жұқпалы аурулардың деңгейі төмендеуде

Ақмола облысында вакцина арқылы алдын алуға болатын және басқа да жұқпалы аурулардың көрсеткіші тұрақты түрде азайып келеді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, профилактикалық шаралар мен жаппай иммундау өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берген.


Әсіресе, қызылшаға қарсы күресте айтарлықтай нәтиже байқалады. Өткен жылы бұл аурудың небәрі 226 жағдайы тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда төрт есеге жуық төмендеді. Ауруға шалдыққандардың 77 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Мұндай көрсеткішке 2023 жылдың қарашасынан 2025 жылдың қаңтарына дейін жүргізілген қосымша жаппай вакцинацияның арқасында қол жеткізілді. Осы кезеңде 42 мыңнан астам адам екпе алып, олардың шамамен 40 мыңы балалар болды. Департамент басшысы Серік Омархановтың айтуынша, ауырған балалардың басым бөлігі ата-анасының екпеден бас тартуына немесе вакцина салу жасына толмауына байланысты егілмеген.


Басқа да жұқпалы аурулар бойынша оң динамика байқалады. Көкжөтелмен сырқаттану деңгейі үш есеге төмендеп, 31 бастапқы жағдай тіркелді, оның 20-сы зертханалық жолмен расталған. Негізгі қауіп тобына бір жасқа дейінгі және балабақшаға бармайтын балалар жатады. Аурудың азаюы Көкшетау қаласында және облыстың бірқатар аудандарында байқалып отыр.


Туберкулез бойынша да жағдай жақсарып келеді. 2025 жылы 262 жаңа жағдай анықталды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен төмен. Балалар арасындағы сырқаттанушылық 60 пайызға, ал өлім-жітім шамамен 39 пайызға азайған. Дегенмен, кейбір аудандарда ауру деңгейінің өсуі байқалып, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді талап етеді.
Сонымен қатар, бруцеллез ауруы мен жануар тістеуінен кейінгі медициналық жүгінулер саны артқан. 2025 жылы бруцеллездің 15 жағдайы тіркеліп, олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыста болған балалар арасында анықталған. Жануар тістеуіне байланысты медициналық көмекке жүгіну 22 пайызға өсіп, жалпы 2 481 жағдай тіркелді. Зардап шеккендердің барлығы дерлік уақытылы профилактикалық ем алып, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік жасалды.


Серік Омарханов халық денсаулығын сақтауда кешенді тәсілдің маңызын атап өтті:

«Біз жаппай иммундау, мониторинг және алдын алу шараларын жүйелі түрде жалғастырып, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге күш саламыз», — деді ол.


Жауаты органдар тұрғындарды екпе күнтізбесін сақтауға, ауруды дер кезінде анықтауға және науқастарды оқшаулауға, сондай-ақ байланыста болған адамдарды бақылауға алуға шақырады.