Ақмола облысында ҚХА Еңбеккерлер Ассамблеясы ашылды

Ақмола облысында ҚХА Еңбеккерлер Ассамблеясы ашылды

Ақмола облысындағы «Гормолзавод» кәсіпорнында ҚХА Еңбеккерлер Ассамблеясының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев қатысып, Еңбеккерлер ассамблеясы қоғамда жалпыұлттық бірлікті сақтауда ерекше роль атқаратын әлеуметтік маңызы бар жоба екенін атап өтті.

Облыстық  Достық үйінің басшысы Қуаныш Шақшақов жоба аясында этносаралық қатынастарды сақтау бойынша кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

 Бұған дейін Еңбеккерлер Ассамблеясы «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС-нда және «Kazrost Engineering Ltd» кәсіпорнында ашылды.

 «Гормолзавод» ЖШС өңіріміздегі тамақ өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосуда. Бүгінде дәстүрлі сүт өнімдерін шығаратын ұлттық цех өндірісі кең етек жайып, дамып жатқанын мақтанышпен айта аламыз.

Сонымен қатар, түрлі этнос өкілдері жұмыс істейтін мекемеде жалпыұлттық бірліктің сақталуы, қызметкерлер арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың дамуы көңіл қуантады.

Кәсіпорынның директоры Ерсайын Жақсылықов Еңбеккерлер Ассамблеясының кәсіпорын базасында ашылуы қызметкерлер арасындағы корпоративтік мәдениетті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне баса назар аударды. Еңбеккерлер ассамблеясы бірлік пен келісім құндылықтарын дамытуға арналған алаңға айналатынына сенім білдірді.

Шара соңында «Гормолзавод» жеке компаниясы мен облыстық ассамблея арасындағы ынтымақтастықты және Еңбеккерлер Ассамблеясының қызметін ұйымдастыру мен үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған Меморандумға қол қойылды.