Ақмола облысында «Серпін» өңірлік жобалық офисінің отырысы өтті

Ақмола облысында  «Серпін» өңірлік жобалық офисінің отырысы өтті

2026 жылғы 21 қаңтарда Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін» жобасын іске асыру жөніндегі өңірлік жобалық офисінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа жобалық офис мүшелері, сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша білім алып жатқан жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының (ТжКБ) студенттері қатысты.

«Серпін» жобасына қатысушыларды бейімдеу шаралары туралы баяндамасында «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Қапышев А.Қ. «Серпін» жобасының білім беру мен кадр даярлау саласында еліміз үшін аса маңызды өңіраралық жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаның оң нәтижелері университеттер, жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестіктің жемісі болып табылады.

«Бірлескен жұмысты жалғастыра отырып, біз «Серпін» жобасына қатысушы жастар үшін Ақмола облысын нақты мүмкіндіктер орталығына айналдыра аламыз», — деді ол.

Өз сөзінде А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің бірінші проректоры Кәрімова Л.Ж. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатын студенттердің университеттегі бейімделу үдерісі жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізілетінін ерекше атап өтті. Студенттердің академиялық топтар бойынша бөлінуі, оқу үдерісіндегі белсенділігі, өндірістік тәжірибеден өтуі, академиялық ұтқырлыққа қатысуы, сондай-ақ көркемөнер, спорттық, зияткерлік және қоғамдық бағыттағы үйірмелерге тартылу деңгейі тұрақты түрде талданады.

«Бұл үдерісте университеттің барлық дерлік құрылымдық бөлімшелері жұмылдырылған», — деп атап өтті Л. Кәрімова.

Ақмола облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нұралин Н.М. өз баяндамасында ТжКБ ұйымдарында білім алушылардың білім беру бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында кіріспе сабақтар, қосымша кеңестер және бейінді пәндер бойынша академиялық қолдау ұйымдастырылатынын түсіндірді.

Колледждердегі жастарды қоғамдық және мәдени-спорттық өмірге тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Үйірмелерге, волонтерлік қозғалыстарға, спорт секцияларына және кәсіби шеберлік байқауларына қатысу студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың Ақмола облысымен байланысын нығайтады.

Алғашқы курстардан бастап түлектерді өңір экономикасында бекітуге бағытталған кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс берушілермен кездесулер, кәсіпорындарға экскурсиялар және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылады.

 

Осылайша, Ақмола облысында «Серпін» бағдарламасына қатысушыларды бейімдеуге арналған кешенді тәсіл студенттердің табысты білім алуын ғана емес, олардың кейінгі жұмыспен қамтылуын да қамтамасыз етіп, өңірдің адами капиталын дамытуға және кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

Кездесу барысында қазіргі студенттерді алаңдататын өзекті мәселелер де қарастырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік жобалық офис басшысының орынбасары Қапышев А.Қ. «Серпін» жобасын іске асыру аясында орындалуы тиіс бірқатар міндеттерді белгіледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Серпін» бағдарламасының негізгі мақсаты — еңбек ресурстары артық өңірлерден (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары) шыққан жастарды кадр тапшылығы бар Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқыту және жұмыспен қамту болып табылады.