Мәжіліс депутаттары Ақмола облысындағы ерекше қажеттілігі бар балалар орталығына барды

Мәжіліс депутаттары Ақмола облысындағы ерекше қажеттілігі бар балалар орталығына барды

Көкшетауда аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысу өтті. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айна Мысырәлімова, Наталья Дементьева және Юлия Кучинская Көкшетаудағы аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығына барып, оның жұмысымен танысты.

Бұл орталық өңірдегі алғашқы мемлекеттік мекеме болып табылады. Мұнда балаларға күндізгі мезгілде және тәулік бойы көмек көрсетіледі. Арнайы бағдарламалар әр баланың жеке қажеттіліктеріне сай құрастырылған: түзету және дамыту сабақтары, әлеуметтік бейімделу қызметтері, күтім түрлері — бәрі тегін.

Депутаттар орталықтың жұмыс шарттарын көріп, Ақмола облысында инклюзивті ортаны дамыту жолдарын талқылады. Айна Мысырәлімова ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды мемлекеттің басым міндеттерінің бірі деп атап өтті:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр өңірде ерекше балаларды оңалту және дамыту орталықтарын ашуды тапсырды. Көкшетауда енді осындай орталық бар. Мұндай мекемелерді тек ашып қана қоймай, кәсіби мамандармен, әдістемелермен қамтамасыз ету және тұрақты қаржыландыру маңызды. Ақмола облысында 30 мыңға жуық мүгедек бар, оның 3 мыңнан астамы бала. Мемлекеттің міндеті — олардың қоғамға бейімделіп, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау», — деді депутат.

Орталыққа келіп, депутаттар Парламенттің кедергісіз ортаны заңнамалық тұрғыда жетілдіру жұмысына да көңіл бөлді. Жақында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа құрылыс кодексінде барлық ғимараттарда қолжетімділік базалық басымдық ретінде бекітілді. Бұл тұрғын және өндірістік ғимараттарды жобалау кезінде қолжетімділікті қатаң бақылауға алуды қамтамасыз етеді.

Қазір Ақмола облысында инклюзивті ортаны дамыту бойынша нақты қадамдар жасалуда. Облыста 127 инклюзия кабинеті жұмыс істейді, оған 2667 бала қатысады. Сонымен қатар, 8 бейімделген спорт секциясы ашылған. Жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіліп, 80 тақырыптық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 413 мүгедек тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Ақмола облысы ерекше қажеттіліктері бар балалар мен азаматтар үшін қолжетімді, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар жасап келеді.