Жаңа жыл кезекшілікте: Ақмола облысының жедел қызметтері мерекені қалай қарсы алды

Жаңа жыл кезекшілікте: Ақмола облысының жедел қызметтері мерекені қалай қарсы алды

Қалада гирляндалардың шамы жарқырап, адамдар бокал көтеріп, дәл түн ортасында тілек тілеп жатқан сәтте, бұл адамдар үшін Жаңа жыл кезекті жұмыс күні сияқты басталды – құлаққап, монитор және көмек көрсетуге әрдайым дайындықпен.

Көкшетауда және бүкіл Ақмола облысында жаңажылдық түнде тұрғындармен байланыста жедел және әлеуметтік қызметтердің операторлары болды. Олардың ішінде тәулік бойы, демалыс пен мерекесіз жұмыс істейтін iQomek 109 қызметінің мамандары мен 112 диспетчерлері бар. Кез келген уақытта тұрмыстық мәселе туындаса, кеңес керек болса немесе жедел көмек қажет болғанда, адамдар ең алдымен осы жерге қоңырау шалады.

Мерекелік түнге қарамастан, жедел қызметтерге жүктеме айтарлықтай болды. Тек жедел жәрдем пультіне жаңажылдық түнде 446 қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадалары 401 рет шақыртуға шықты, қалған жағдайда азаматтарға телефон арқылы кеңес берілді. Соған қарамастан, түн жалпы алғанда салыстырмалы түрде тыныш өтті – резонанстық оқиғалар мен төтенше жағдайлар болған жоқ.

109 және 112 нөмірлеріне шамамен екі мыңға жуық қоңырау келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі тұрмыстық және анықтамалық сипатта болды – тұрғындар коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты ақпаратты нақтылады, тұрмыстық мәселелер туралы хабарлады және штаттан тыс жағдайларда көмек сұрады.

«Жаңа жыл түні қоңыраулар әртүрлі болады. Біз облыстағы барлық қызметтер диспетчерлерімен, аудандық және қалалық әкімдіктердің кезекшілерімен байланысып отырамыз. Барлығы нақты жұмыс істеуі тиіс, себебі көзге ұсақ көрінген мәселе мереке кезінде елеулі проблемаға айналуы мүмкін», – дейді iQomek қызметкері Асет Байжолов.

Оның айтуынша, нақты өмірлік жағдайларға байланысты өтініштер де болды. Мәселен, үй иелері болмаған кезде су құбыры жарылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жертөленің кілті бар сантехник келіп, стоякты дер кезінде жапқан, соның арқасында көршілерге залал келтірілмеді.

112 нөміріне келіп түскен қоңыраулардың бір бөлігі пиротехниканы қолдану салдарлары, тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылыққа қатысты болды. Кейбір жағдайларда адамдардың жоғалып кеткені туралы да хабарланды. Дегенмен резонанстық оқиғалар тіркелген жоқ.

«Мұндай күндері желі шамадан тыс жүктелмесе – біз үшін қуаныш. Демек, адамдардың бәрі жақсы, үйлерінде, жақындарының қасында деген сөз. Бірақ біз бәрібір толық дайындықта жұмыс істейміз, өйткені кез келген қоңырау шұғыл әрі маңызды болуы мүмкін. Көбіне мереке күндері тұрмыстық мәселелер туындайды. Жиі жағдайлардың бірі – мерекелік серуен кезінде ата-аналар балаларын көзден тасырып алады, бірақ, қуаныштысы, мұндай оқиғалар тез арада шешіледі», – деді оператор.

Сонымен қатар, босаңсуға да болмайтын. Жаңа жыл түні ауа райы тосын мінез көрсетті: қолайсыз метеожағдайға байланысты облыс орталығына апаратын жекелеген жолдарда қозғалысқа шектеулер енгізілді. Бұл жағдай жалпы кезекші қызметтерден қосымша жауапкершілік пен назарды талап етті.

Жаңа жыл мерекесі күндері Ақмола облысы полиция департаментінің жеке құрамы да күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Полицейлер көшелерде, көпшілік серуендеу орындарында, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Тек Көкшетаудың өзінде тәртіпті сақтауға 410 қызметкер, ал облыс бойынша 1300-ден астам полицей жұмылдырылды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы мереке кезеңінде ерекше бақылауда болды.

Дәл осы үйлесімді, кейде көзге көрінбейтін жұмыс мерекені ірі оқиғаларсыз өткізуге мүмкіндік берді – аязға, жолдағы шектеулерге және дәстүрлі мерекелік белсенділікке қарамастан.

«Жаңа жыл түні адамдар әңгімесін көбіне құттықтаудан немесе мазалағаны үшін кешірім сұраудан бастайды. Бұл өте жылы сезім. Сен өзіңді жай ғана оператор емес, үлкен істің бір бөлшегі ретінде сезінесің. Қоңыраулардың басым бөлігі кеңес алуға қатысты болды: пиротехниканы қолдануға, «коменданттық сағатқа», біреулерді мерекелік бағдарлама кестесі қызықтырды», – деп бөлісті Асет Байжолов.

Біреулер терезеден отшашуды тамашаласа, басқалары экран мен жол жағдайын қадағалады. Қала демалып жатқанда, бұл адамдар үнсіз, кәсіби түрде, даңғаза сөзсіз өз кезекшілігін атқарды. Көпшілік үшін мереке шынымен мереке болып қалуы үшін.