
Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасанды интеллект саласындағы өздерінің бірегей әзірлемесіне авторлық құқық алды.
Информатика пәнінің мұғалімі Анара Қапанаеваның жетекшілігімен мектеп оқушылары құс шаруашылығын қолдауға бағытталған «Жасанды интеллект көмегімен тауықтардағы ауруларды ерте анықтау» атты инновациялық жобаны іске асырды.
Жобаға қатысушы Камшат Косардың айтуынша, идея құс өсіруші фермерлер жиі бетпе-бет келетін нақты мәселеден туған:
«Жыл сайын құс шаруашылығы саласы аурулар тым кеш анықталғандықтан шамамен 10 миллион доллар шығынға ұшырайды. Біздің жоба ауруды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.
Әзірлеме кәдімгі және жылу камераларымен жабдықталған зияткерлік құрылғыны қамтиды. Жүйе әр құстың дене температурасын, белсенділік деңгейін және сыртқы жағдайын тіркейді. Алынған деректер компьютерлік көру мен машиналық оқыту әдістері арқылы өңделіп, тауықтардың денсаулық жағдайына қатысты болжам жасалады.
«Барлық деректер арнайы платаға түсіп, сол жерде талданып, әр құсқа жеке денсаулық болжамы есептеледі», — деп түсіндірді 10-сынып оқушысы Мансур Ыдырыс.
Жоба авторлары — 10-сынып оқушылары Мансур Ыдырыс, Камшат Косар, Дария Сейтжан, Дамеля Жанбыршы, Юсуф Жарқын және 9-сынып оқушысы Инаят Рахметулина. Әзірлеме технологиялық деңгейі, ғылыми негізділігі және ауыл шаруашылығында қолдану әлеуеті үшін сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, команда Aqmola Power өңірлік байқауының IT бағыты бойынша бірінші орынды иеленіп, өз идеясының жоғары дайындық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.