
Маусым айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерге жеңілдетілген кредит алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлеме – 12,6%, ал кредит мерзімі – 10 жылға дейін. Жыл басынан бері 43 жоба қаржыландырылып, жалпы кредит сомасы шамамен 14 млрд теңгені құрады. Бұл туралы брифинг барысында «Даму» қоры филиалының директоры Айнагүл Байдаулетова мәлімдеді.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» қоры өңір кәсіпкерлеріне жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді. Биыл қызмет жаңартылып, процестер жеңілдеп, қолдау тиімділігі артты.
«Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерге уақытылы және сапалы қолдау көрсету. Жеңілдетілген кредиттер мен кепілдік механизмдері нақты жобаларды жылдам іске асыруға мүмкіндік береді»,- деді Айнагүл Байдаулетова.
Кепілзат жетіспеген жобалар үшін биыл екі жаңа кепілдендіру қоры ашылды. Қор 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар бойынша 2 жұмыс күні ішінде кепілдік береді. Кепілдік кредиттерге, лизингке және келісімшарттарға беріледі, көлемі кредиттің 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды.
«Ауыл шаруашылығы саласы үшін арнайы шарттар қарастырылған: көктемгі егіс пен орақ науқанына кредиттерге кепілдік – 85%. Биылғы 11 айда 400-ден аса жоба қолдау тауып, кредиттердің жалпы сомасы 84 млрд теңге, кепілдік сомасы – шамамен 66 млрд теңге болды»,-дейді басшы.
Субсидиялау бойынша 60-тан аса кәсіпкерге қолдау көрсетілді, кредит портфелі – 9 млрд теңге. Оның ішінде 47 жоба – Біріңғай кешенді бағдарлама, 17 жоба – ішкі сауда саласы.
Сонымен қатар, портфельдік субсидиялау және кепілдендіру аясында 200 млн теңгеге дейінгі жобаларға өтінімдер қабылдануда. Кәсіпкер тек 13,2% мөлшерлемемен қаржыландырылады, ал мемлекет 8,8%-ын субсидиялайды.
«Әр кәсіпкердің дамуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері шағын және орта бизнестің өсіміне үлкен серпін береді»,- деп қосты филиал директорының орынбасары Ботагөз Хасенова.
Электрондық сауданы дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 3 млрд теңгеге дейін қаржыландыру мүмкіндігі бар.