
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтар мен жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы тегін кеңес алу әрі жұмысқа орналастыру болып табылады.
Қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар болғандықтан, жастарға әрқашан көңіл бөлу маңызды.
Аталмыш жәрмеңкені облыстық ЖРО әр тоқсан сайын саябақтарда, белгілі бір мекеме орындарында немесе білім ордаларында өткізіп отырады.
Іс-шараға түрлі саладағы мекеме орындарынан 20-дан астам жұмыс берушілер, 300-ден астам аталмыш жоғарғы оқу орнының студенттері, бітіруші түлектер, жастар арасында жұмыс іздеушілер және ұйымдастырушылар қатары қатысты.
«Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру – болашақ жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызады. Жастар ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету болып табылғандықтан, жастарды жұмыспен қамту, орталықтар үшін басты назарда тұр. Айта кету керек, бүгінгі шара аясында жастарымызға 200-ден аса бос жұмыс орындар ұсынылды. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының мансап орталығы жастар практикасы және «Отбасы банк» АҚ өкілі тұрғын үй мәселесі бойынша тегін кеңес берді» - дейді, ұйымдастырушылар тарапы.
Жалпы шара өте қызу өтті. Себебі әрбір қатысушы өзінің таңдаған мамандығы бойынша жұмыс берушілерге сұрақтарын қойып, толықтай мәлімет алып, жұмысқа орналасуға деген ынталары байқалды. Мемлекеттің экономикалық жағынан дамуына жастардың дамуы, жұмыссыздықтың көлемі тікелей байланысты.