Жарқайың ауданында білім саласы қалай өзгеріп жатыр

Жарқайың ауданында білім саласы қалай өзгеріп жатыр

Жарқайың ауданы білім саласын дамытуда жүйелі түрде алға жылжуда. Ауқымды жаңғырту жұмыстары мен заманауи технологиялардың енгізілуі мектептерді балалардың оқуына, дамуына және өз қабілеттерін жүзеге асыруына қолайлы орынға айналдырып келеді.

Түрлендірудің жарқын мысалдарының бірі  Державинск қаласындағы Надежда Крупская атындағы мектеп. Оған №1 гимназия статусы беріліп, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 21 кабинет толық жаңартылды. Олардың ішінде STEM-зертханалар, теле- және арт-студиялар, информатика және алғашқы әскери дайындық кабинеттері бар. Сонымен қатар кітапхана, акт және спорт залдары, коворкингтер мен кіреберіс аймағы да жаңа келбетке ие болды.

Өзгерістер тек қалада ғана емес, ауыл мектептерінде де жүзеге асуда. Валиханово, Костычево, Пятигорское, Зерноград, Кенское, Далабай және Пригородное ауылдарының білім беру ұйымдарында күрделі жөндеу жүргізілді. Гастелло ауылындағы мектепке жаңа блокты-модульді қазандық орнатылды. Шойындыкөл, Бірсуат және Үшқарасу ауылдарында кабинеттер жаңартылып, заманауи жабдық қойылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Бірсуат ауылында 100 орындық жаңа мектеп ашылды.

Сонымен қатар кадрлық әлеует те нығаюда. Ауданда шамамен 400 педагог еңбек етеді олардың қатарында зерттеушілер, сарапшылар және модераторлар бар. Биыл ұжым 22 жас маманмен толықты, оның 15-і ауылдық елді мекендерге жолданды. Бұл мектептердің тең дамуына және білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Инклюзивті орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Николай Островский атындағы мектепте арнайы кабинеттер ашылды: инклюзивті «Тең мүмкіндіктер нық болашақ» және кәсіптік бағдар беретін «Жасыл зертхана». Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға және мамандық таңдауда тұрған жоғарғы сынып оқушыларына қолдау көрсетіледі.

Әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. «Ақниет» қоры әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 32 балаға көмек көрсетті.

«Біз ауданның әр мектебінде заманауи жағдай қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Инфрақұрылымды жаңарту, талантты балаларды қолдау және педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасау  біздің күнделікті жұмысымыз. Басты мақсатымыз  әрбір оқушының тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білімге және жан-жақты дамуға қол жеткізуі»,  деп атап өтті Жарқайың ауданының білім бөлімі басшысы Гүлшат Нұрпейісова.