Болашақтың жарқын болуы әрбір азаматтың қолында

Болашақтың жарқын болуы әрбір азаматтың қолында

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында, Ақмола облысының жастары арасында «Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты форумы өткізілді.

         Бүгінде елімізде 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленуде, онда жаңа стратегия мен тәсілдер қолданылады. Жастар арасында, оның қатарында NEET санатындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар арасында, алдын алуға ерекше назар аударылуда.

         Аталмыш іс-шараға Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары – Сабырхан Кенжебаев, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Жастар және отбасы істері жөніндегі бөлімінің басшысы – Айсұлу Мырзахметова, Қазақстан Республикасы «Esbol Qory» ҚҚ төрағасы – Жандос Ақтаев, Ақмола облысы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің басшысы – Дидар Хамзин, Ақмола облысы «Esbol Qory» ҚҚ фронт-кеңсесінің басшысы – Даниял Жағупар, Ақмола облысы ПД, есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі – Разия Курсанова, Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері, Ақмола облысының Жастар-ресурстық орталықтарының басшылары, жастар ұйымдары мен волонтерлік орталықтардың жетекшілері мен көшбасшылары, студенттер, волонтерлер, Ақмола облысының белсенді жастары қатысты.

         Шара барысында спикерлер нашақорлықтың алдын-алу жолдары мен салдары туралы баяндамаларын оқып, жастармен сұхбаттасты.

         Кездесудің модераторы боп, өңірлік ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, жастарды арнайы шақыртылған спикерлермен таныстырып, сөз тізгінін Қазақстан Республикасы «Esbol Qory» ҚҚ төрағасы Жандос Ақтаевқа тапсырды.

         Спикердің айтуынша, қазіргі таңда нашақорлыққа тәуелділік танытқан және есірткі бизнесімен айналысып жатқан жастар қатары көбеюмен қоса, жасарып келе жатыр. Арнайы талдау есептерін жасап, профилактикалық іс-шаралар қатарын өткізіліп жатқанын мәлімдеді. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, 300-ден аса рейдтер, 60-қа жуық акциялар және 60-тан аса семинарлар өткізілді. Алайда, алдағы уақытта әлі де көптеген жұмыстар атқарылу керек екендігін айқындады.

         Шынымен де қоғамды зиянды әркеттерімен ластайтындарды азайту мақсатында үгіт-насихаттың рөлі орасан зор. Заңды айқын танымайтын жастар бар екенін де мойындау қажет.

         Жеңіл табыс көзін тауып, жағдайын жасап аламын деп, қара тордың артында аңғармай қамалып жүргендер туралы да, өңірлік полиция департаменті, есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова сөз қозғап кеткен еді.

         «Бүгін барлығымыз үшін аса маңызды тақырып – есірткіден сақтану және салауатты өмір салтын ұстану мәселесін талқылау үшін жиналып отырмыз. Қазіргі әлемде ақпарат көп, мүмкіндіктер көп, бірақ сонымен бірге қауіп те аз емес. Сол қауіптің ең ауыры – есірткіге тәуелділік. Ол адамды бір сәтте әлсіретіп, мүмкіндігін шектейді.

         Сол себепті әрқайсыңыз үшін ең дұрыс шешім – саналы болу, өз өміріңізге жауапкершілікпен қарау, қиындық туған жағдайда қолдау іздей білу. Жастардың мықты, білімді, табанды болуы – елдің дамуының кепілі. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз, бастамаларыңыз, белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз – мемлекетіміздің болашағын айқындайды.

         Мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіп, алдын-алу шараларын кешені үнемі түрде ұйымдастырылуда.

         2025 жылы Ішкі саясат басқармасы тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жастар арасындағы тәуелділіктің алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылды, жалпы сомасы 5 млн теңге (2024 жылы – 3 млн теңге). Жалпы қамту әлеуметтік желілерді қоса алғанда 200 мың адамға жуықтады.

         Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері,  психологтар және наркологтарды тарта отырып, жастар мен ата-аналар қауымдастығының қатысуымен 17 семинар өткізіліп, балалар лагерлерінде «Жастар және тәуелділік» атты әлеуметтік театр форумы ұйымдастырылды.

         Аталған жоба аясында 10 бейнеролик және әлеуметтік желілер форматына арналған 20 инфобаннер дайындалды. Профилактикалық шаралармен қатар, халықты есірткі құқықбұзушылықтары туралы анонимді түрде хабарлау мүмкіндігі жөнінде ақпараттандыру жұмысы белсенді жүргізілуде.

         Бұл жұмыс әртүрлі арналар: баспа бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпараттық агенттіктер, телеарналар және интернет-ресурстар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тиімді ақпараттық жұмысты ұйымдастыру үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әлеуеті пайдаланылады.

         Ақмола облысы Полиция департаментінің сенім телефондарына анонимді хабарлау мүмкіндігі туралы ақпараттандыру қамтамасыз етілді.

         Жалпы алғанда, биылғы жыл ауқымында облыстық телеарна эфирінде осы тақырыпқа арналған шамамен 40 сюжет пен бағдарлама көрсетілді, ал өңірлік баспа БАҚ-та 300-ге жуық мақала жарияланды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы профилактикалық материалдар (бейнероликтер, инфографика) тұрақты түрде таратылып келеді.

         Биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде (мемлекеттік органдардың парақшалары мен пабликтерде) барлығы 12 мыңға жуық жарияланым орналастырылды.

         Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен брифингтер үнемі түрде өткізілуде.

         Сонымен қатар, 2025 жылдың мамыр айында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмысқа халықтың қанағаттану деңгейін талдау мақсатында онлайн-сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 17 аудан мен 3 қала қамтыған 1600 респондент қатысты.

         Жоғарыда аталған жұмыс үнемі түрде жүргізіліп, әрқашан бақылауда тұрады» - дейді, баяндама барысында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Жастар және отбасы істері жөніндегі бөлімінің басшысы Айсұлу Мырзахметова.

         Шара соңында спикерлерге, волонтерлерге және қоғамның белсенді мүшелеріне Ішкі саясат басқармасы басшысының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.