
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, ағымдағы жылдың 25-27 қараша аралығында, Ақмола облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары аясында талантты жастар үшін «Облыстық талантты жастар-2025» фестивалін өткізді.
Фестивальдің мақсаты - Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін сақтау және көбейту, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру болып табылады.
Фестивальдің конкурстық бағдарламасы сахналық өнер, зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтиды. Фестиваль «Соvеr-нұсқасын орындау-2025» эстрадалық байқауы, «Тапқырлар алаңы-2025» зияткерлік ойыны, «Jas-Qalqan 2025» патриоттық байқауы және «Үздік мобилограф-2025» ақпараттық-технологиялық байқауы сияқты номинациялардан тұрады. Барлығы 100-ге жуық өтінім жіберушілердің тек 64 өтінім ақтық кезеңге өтіп, бақтарын сынады.
Фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр номинациясы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын құрайды. Қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітті.
Әрбір номинацияны «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары ұялы телефондарына бейнежазба түсіріп, фестиваль соңында аталмыш номинациясы бойынша қазылар алқасы қорытындылап, ең үздіктерін анықтады.
Фестиваль лауреаттары ақшалай сертификаттармен және естелік сыйлықтармен әр номинация өткен сайын марапатталды.
«Барлықтарыңызды дәстүрге айналған жыл сайын өткізілетін облыстық талантты жастар фестивалінде көріп тұрғаныма қуаныштымын. Бүгін, Ақмола облысының жарқын, білімді студенттерін көру, мен үшін зор мәртебе.
Аталмыш фестиваль - жыл сайын өңіріміздің талантты кіл мықтыларының басын қосып, өзара бақ сынасатын үлкен алаңға айналатын. Өткен жылы бәсекеге қабілетті жастардың топ жаратын сайысы ғана емес, жоспарланғаннан да жоғары деңгейдегі ұйымдастырылған мереке болды.
Биылғы жылы одан да қызықты әрі тартысты өтіп жатыр деген сенімдемін. Себебі биыл қатарымызға әскери-патриоттық бағытындағы «Jas-Qalqan 2025» байқауы қайта қосылып, фестивальді одан әрі жандандыруда.
Фестиваль 4 бағытқа бөлінген 4 номинация бойынша өткізілуде. Аталмыш шараға 1 млн 500 мың теңге жүлде қоры бөлінген болатын.
Барлығы 300-ден аса қатысушылар бақ сынасты» - дейді өз сөзінде облыстық ЖРО басшысы Дастан Ермеков.
Фестиваль қорындысы бойынша «Соvеr-нұсқасын орындау-2025» эстрадалық байқауында 3 орын және 70 000 теңгелік сертификатпен Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен қатысқан «Shynga Band» тобы иеленсе, 2 орынды және 100 000 теңгелік сертификатпен Біржан сал ауданы, А.Құнанбаев атындағы № 2 мектеп оқушысы Жақсылық Алуаға бұйырды. 1 орынды және 150 000 теңгелік сертификатпен Қосшы қаласы мәдениет үйі атынан қатысқан Тоқтарова Зарина ие болады. Ал гран - при иегері атағына лайықты саналып және 200 000 теңгелік сертификатпен Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студентері Мұратқызы Аяла мен Жапар Амина «Triple A» дуеті марапатталды.
«Jas-Qalqan 2025» патриоттық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік мерген» номинациясы және 50 000 теңгелік сертификатпен М.Ғабдуллин атында Азаматтық қорғау академиясының курсанты - Нургазина Дильназ Олжасқызына бұйырса, «Желден жүйрік» номинациясы және 50 000 теңгелік сертификатпен Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студентті - Кажакпаров Амир Ермекұлы қанжығасын салды. 1 орын және 150 000 теңгелік сертификатпен Зеренді ауданының құрамасы марапатқа ие атанды.
«Тапқырлар алаңы-2025» зияткерлік ойынының нәтижесі аясында, 32 команда ішінен сурылып алға шыққан, 3 орын және 100 000 теңгелік сертификатпен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «Space», 2 орын және 150 000 теңгелік сертификатпен Қосшы қаласы «OXIOMA», 1 орын және 200 000 теңгелік сертификатпен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті «Мейірім» құрамалары жүлделі орынға ие болды.
Ал соңғы кезектегі «Үздік мобилограф» бағыты шеңберінде, 3 орынды және 70 000 теңгелік сертификатпен Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студентті - Балтабаев Арсен Бахытжанұлы, 2 орынды және 100 000 теңгелік сертификатпен М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанты -Мейіржан Дулатұлы, 1 орынды және 150 000 теңгелік сертификатпен Көкшетау қаласы, Жоғары техникалық колледжінің студентті - Битимисов Рахат Бегалыұлы қанжығаларына салып, марапатталды.