
Ақмола облысында ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ел бірлігі» қазақстандық патриотизмді және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Елтану» ғылыми-ағартушылық жобасы іске асырылды.
«Елтану» ғылыми-ағартушылық жобасының негізгі мақсаты – Ақмола облысы тұрғындарының қоғамдық санасына Қазақстан халқының рухани әрі мәдени құндылықтарын енгізу, азаматтық қағидаттарға негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру, этносаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту.
Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Ақмола облысының татар және башқұрт бірлестігі аталмыш жоба аясында Ұлы Абайдың шығармашылығына арналған әдеби-театрландырылған кеш ұйымдастырды.
Фойеде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Сахнадағы қойылымға қатысқан әртүрлі этностардың өкілдері Абай өлеңдерін, қара сөздерін оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Галиябану» халықтық ансамблі мемлекеттік және татар, орыс тілдерінде «Көзімнің қарасы», «Қазағым мен татарым», «Аллага шөкер» әндерін орындады.
Шараға қатысқандар Ұлы Абай сөзі жоғалмай, әр жүректен орын алуы үшін ұрпақтар сабақтастығының маңызын терең сезінді.
Аталмыш жоба аясындағы музыкалық-шығармашылық кеш Степногорск қаласындағы Достық үйінде «Юлдаш» ансамблімен бірлесіп өткізу жоспарланған.