
Көкшетау қаласында «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің «Русская песня» халықтық ансамблі 30 жылдық мерейтойын атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізіліп отырған мерекелік іс-шараға жиналған Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтары «Достар» мәдениет үйінде облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған тақырыптық көрмені тамашалады.
Концерт залындағы бағдарлама барысында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев ансамбль ұжымын мерейтойымен құттықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және этносаралық келісімді сақтауға қосып жатқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, ансамбль ұжымын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, «Ақмола облыстық орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко, «Ақмола облысының татарлар мен башқұрттар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаиль Сулькарнаев құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Русская песня» ансамблі үш онжылдық бойы халқымыздың рухани байлығын дәріптеп, облысымыздағы мәдени шаралардың ажырамас бөлігіне айналды. Шығармашылық жылдары ұжымның репертуарлық қоржынында 152 ән, оның ішінде мемлекеттік тілде 18 ән бар. Олардың барлығы белсенді түрде орындалатындығы маңызды. Орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейі, мәдени өмірге белсенді қатысқаны үшін алған «Халықтық» атағын ансамбль ширек ғасырда үш рет растады. Ұжым көптеген дипломдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталды, түрлі деңгейдегі конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары атағына ие болды.
Көрермендерге ансамбльдің көркемдік жетекшісі, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі - Зоя Авилованың жетекшілігімен әзірленген мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.