Ақмола облысында этносаралық қатынастар мәселелері талқыланды

Ақмола облысында этносаралық қатынастар  мәселелері талқыланды

Көкшетау қаласындағы «Болашақ сарайында» Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Геннадий Шиповскихтің қатысуымен қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ облыстық этносаралық қатынастар бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесу өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлық аясында мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жүйелеу және үйлестіру болды.

Шараның модераторы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Жарлықта қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту, халықпен ашық байланыс орнату, біртұтас ұлт ретінде бірігуді қамтамасыз ету бағытында «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары айқындалғанын атап өтті.

Маңызды құжаттың басым бағыттарының бірі - елдегі этносаралық келісімді сақтау және нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.

Кездесу барысында Геннадий Шиповских Қазақстан халқының бірлігін сақтау, толеранттылықты арттыру, этносаралық келісімді нығайту, құқықтық сауаттылықты көтеру және этносаралық жанжалдардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан Ақмола облысы прокуратурасы аппаратының басшысы Асқар Қалыбеков, Ақмола облысы прокурорының аға көмекшісі Мейрамбек Қауашев,  Ақмола облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Жаныбек Елеусізов өз баяндамаларын жасап, білім беру мекемелерінде этносаралық қатынастардың сақталуы мен профилактикалық іс-шаралардың өзектілігін түсіндірді.

Іс-шара тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және өзара сыйластық, сенім және бейбітшілік ахуалын сақтаудың маңыздылығын арттыруға өз септігін тигізді.