75 мың тұрғынға сапалы қызмет: Атбасар көпсалалы ауруханасы толық жаңғыртылды

75 мың тұрғынға сапалы қызмет: Атбасар көпсалалы ауруханасы толық жаңғыртылды

Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атбасар ауданаралық ауруханасы күрделі жөндеуден өтіті. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік арнайы қор мен республикалық және облыстық бюджет қаражаттары есебінен жүргізіліп, нысанның ішкі безендірілуі, қасбеті  мен шатырлары жаңартылды. Аурухана жоба аясында жөндеуден бөлек заманауи медициналық техникамен толық жабдықталды.

Ауруханаға 1,2 миллиард теңгеге ангиографиялық құрылғы, ультрадыбыстық диагностика аппараты және лапароскопиялық операцияларға арналған видеоэндоскопиялық кешен сатып алынған. Бас дәрігер Самат Исламовтың айтуынша, аурухана бес аудан тұрғындарын қамтитын болады.

«Аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникамен қамтамасыз етілген соң, шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық дайынбыз. Науқастар өз ауылында барлық қажетті тексерулер мен ем-домды ала алады. Бұл біздің басты мақсатымыз», – деді ол.

Стационардың бастапқы төсек саны 155 болса, жөндеу жұмыстары аяқталған соң 210-ға дейін артатын болады. Ауруханада хирургия, травматология, терапия, инсульт орталығы, акушерлік бөлім, реанимация, балалар, инфекциялық, реабилитациялық және ангиографиялық бөлімдер жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді: 75 дәрігер, 285 орта медициналық қызметкер және 124 кіші медициналық қызметкер. Кадрлық мәселе негізінен шешілген, тек фтизиатр, онколог және акушер-гинеколог қажет.

«Жалпы 100 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеміз. Бізде инсульт орталығы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін компьютерлік томограф жеткізіледі, ал 2026 жылы магнитті-резонансты томограф орнатылады. Аурухана қазір штаттық режимде жұмысын бастады, осы қарашада алғашқы ота жасалады. Алдағы уақытта жаңа профильдер ашу жоспарланған», – деді бас дәрігер.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен балалар бөлімі де жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта демонтаж және ішкі монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары қаңтар айына дейін аяқталып, бөлім толық пайдалануға беріледі.

Атбасар көпсалалы ауруханасы ауыл тұрғындары үшін сапалы, қолжетімді және қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге толық дайын.