Степногорск қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Степногорск қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Степногорск қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Оның басты мақсаты – егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, пайдалы әрі мазмұнды бос уақыт өткізуіне жағдай жасау және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Бүгінде бұл орталық қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерді.

Мекеме қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен жұмыс істейді. Мұнда зейнеткерлер мен егде жастағы тұрғындарға арналған түрлі үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Олардың барлығы денсаулықты нығайтуға және шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған.

Қазіргі таңда орталықта йога, фитнес, нейрожаттығу, би, вокал, қолөнер, сурет және тігін сабақтары тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ шахмат, үстел теннисі, жаттығу залы және демалыс аймақтары да бар.

Орталықтың тұрақты келушілерінің бірі – 76 жастағы Ольга Василенко. Ол бұл жерге орталық ашылған алғашқы күннен бастап келіп жүр:
«Мұнда бәрі ыңғайлы. Біз йогамен, фитнестермен, қолөнермен, мүсіндеумен айналысамыз. Бұл тек спорт емес, түрлі бағыттағы шығармашылық. Біз танысамыз, әңгімелесеміз, көңіл-күйімізді көтереміз. Мұнда алатын әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын», – дейді ол.

Ольганың айтуынша, орталық тек хобби немесе жаттығу орны ғана емес, сонымен қатар рухани қолдау мен қарым-қатынас кеңістігі.
«Қазір мен жалғыз тұрамын, ал бұл орталық мен үшін екінші үй іспетті. Мұнда мен мейірімді адамдармен араласамын, өмірге деген қызығушылығым арта түсті», – деп толықтырды ол.

Тағы бір қатысушы орталықтың ашылуы шын мәнінде үлкен сый болғанын айтты:
«Бұрын барлық уақыт жұмыс пен отбасыға кететін. Ал қазір өзіме уақыт табылды, тіпті екінші тыныс ашылғандай. Біз ән айтамыз, би билейміз, сурет саламыз, фитнеспен айналысамыз. Әркім өз қалауынша іс таба алады. Мысалы, бүгін біз ескі қаланың пейзажын салып жатырмыз», – дейді ол қуана.

Орталықтың басты мақсаты – зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жалғыздық сезімінің алдын алу. Мұнда қатысушыларға арналған психология, денсаулық және әлеуметтік мәселелер бойынша семинарлар мен кездесулер өткізіледі.

Бүгінде «Белсенді ұзақ өмір» орталығында 500-ге жуық адам тіркелген, олардың көбі тұрақты түрде келіп тұрады. Әр қатысушы өз мысалымен өмірде белсенді болу мен жаңа нәрселерді үйренудің ешқашан кеш еместігін дәлелдеп жүр.

Қамқорлық пен көңіл бөлудің арқасында бұл орталық егде жастағы адамдар үшін «екінші өмірдің» есігін ашқандай — мұнда әр күн мағынаға, достыққа және қуанышқа толы.