
Тайтөбе ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша ірі жоба аяқталуға таяу. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарды толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету және ең өзекті коммуналдық мәселелердің бірін шешу, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаның мердігері – «Көкшетаугидрогеология» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталған. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі 97 пайызды құрайды. Құдықтарға фасонды бөлшектер орнатылып, диаметрі 20 миллиметрлік абоненттік құбырлар тартылды. Қазір құбыр жүйесі қысыммен тексерілуде, сорғы станциясының аумағы абаттандырылып жатыр, электр желілерінің тіректері орнатылып, трансформатор қойылуда.
Тайтөбе ауылының әкімі Парасат Досмағанбетовтің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындары үшін аса маңызды.
«Сумен қамту жұмыстары 2017 жылы басталған болатын, алайда недобросовестік танытқан мердігерлердің кесірінен жоба тоқтап қалды. 2024 жылдың қыркүйегінде құрылыс қайта жанданды және бүгінде аяқталуға жақын. 2025 жылдың 15 қарашасына дейін Тайтөбе ауылы толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Әкімнің сөзінше, ауылда ресми түрде 3300 адам тіркелгенімен, іс жүзінде шамамен 7 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл ауылдың елорда маңындағы аймақта орналасуымен және жекеменшік құрылыс қарқынының артуымен түсіндіріледі. Жаңа су құбыры осы өсім ескеріле отырып жобаланған және барлық тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етеді.
«Бұрын әр үйде тереңдігі 9–11 метр болатын құдықтар болған, енді орталықтандырылған су жүйесі іске қосылады. Осылайша ауылдағы су мәселесі түбегейлі шешіледі», – деп толықтырды Досмағанбетов.
«Көкшетаугидрогеология» ЖШС-нің бас директоры Сансызбай Хаметов те құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтті.
«Біз жалпы ұзындығы шамамен 50 шақырым су құбырын – су тарту желісі мен ауылішілік тарату жүйелерін қостық. Сорғы станциясын салып, үш ұңғыма бұрғыладық, аумақты абаттандырдық. Қазір суды іске қосуға және тазарту станциясына жеткізуге дайындық жүргізілуде. Барлық жұмысты 10 қарашаға дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді ол.