Жастар арасында пікір-сайыс турнирі өткізілді

Жастар арасында пікір-сайыс турнирі өткізілді

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжі базасында, облыстық жастар арасында ұлы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 180-жылдығына орай, пікір-сайыс турнирін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – Ақмола облысы жастарының әлеуметтік-шығармашылық белсенділігін арттыру, қазақстандық қоғамда орын алып жатқан өзекті проблемалық жағдаяттарды талдау және қоғамдық талқылау, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру болып табылады.

Турнир қатысушыларын өзін мықты спикерлер және объективті төрешілер ретінде көрсете білген бірқатар тәжірибелі пікірсайысшылардан тұратын бас төрешілер алқасына жүктелді.

Пікірсайыс турниріне Ақмола облысының орта арнаулы оқу орындарының студенттері және 10-11 сынып мектеп оқушылары  қатысты. Сондай-ақ, екі адамнан тұратын командаларға қатысуға рұқсат етілді. Жалпы өңірден 20-ға жуық командалар қатысып, бақ сынасты. Турнир Британдық Парламенттік форматта және мемлекеттік тілде (қазақ тілінде) өткізілді. Ойынның жалпы жүлде қоры 220 мың теңгені құрайтын ақшалай сертификаттар. 1 орынға – 100 мың тг., 2 орынға 70 мың тг., 3 орынға – 50 мың тг.

«Жастардың жан-жақты дамуында, олардың азаматтық белсенділігі мен интеллектуалды ізденісін, қоғамда дұрыс саяси бағдарларын қалыптастыруда пікір-сайыс додаларының орны ерекше. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің тарапынан да пікір-сайыс ойындарын жаңғырту, дамыту ісіне көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі турнир өте қызу түрде өтіп, қатысушылардың шабыттары оянып, қара терге шомылғандай жеңіске жетем деген ынталары байқалып, ойларын еркін жеткізуге деген мүмкіншіліктері пайда болды» - деп облыстық ЖРО жастармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Асия Закенай өз сөзінде тоқталып кетті.

Шара Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы» Заңына, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылды.

Жеңімпаздар дипломдар, ақшалай сертификаттар және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Шара қорытындысы бойынша «Турнирдің үздік спикері» номинациясы – Бұлбұл Алдабергенге, «Турнирдің үздік төрешісі» номинациясы – Эльнара Минутоваға бұйырды.🥉Ал жеңімпаздар қатарына енгендер: 3 - орын Щучинск қаласы, Жоғары педагогикалық колледжінің «Сана серпіні» тобы иеленсе, 2 - орын  Көкшетау қаласы, «№6 мектеп» лицейінің «JastarKZ» тобына бұйырды. 1 - орынды Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педогогикалық колледжінің «Think or Sink» тобы қанжығасына салды.